Қазақстанда жеке тауар маркаларының үлесі соңғы үш жылда екі есеге өсті

Фото: Сауда министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда NFA Expo-2025 төртінші Халықаралық тұтыну тауарлары көрмесі ашылды, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.

Биылғы шараға Қазақстан, Қытай, Италия, Түркия, Ресей, Беларусь, Латвия және Өзбекстанды қоса алғанда, 9 елден 127 компания қатысуда. Көрмеде азық-түлікке жатпайтын ритейл сегментіндегі әлемдік жаңа өнімдер ұсынылды.

Экспозицияда қауіпсіз термопластиктен жасалған антимикробтық кесу тақталары, премиум санаттағы тұрмыстық химия, тот баспайтын болаттан жасалған асүй пышақтары, халықаралық сертификатталған кәсіпорындарда өндірілген заманауи тұрмыстық техника таныстырылды. Келушілер табиғи косметика, шыны және қаптама өнімдері, HoReCa секторына арналған кәсіби жабдықтар және үйге, асүйге, демалысқа арналған кең көлемді тауарлармен танысты.

Көрменің ашылу рәсіміне Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова қатысты. Ол экспозицияларды аралап көріп, отандық және шетелдік өндірушілермен бірқатар кездесулер өткізді. Өз сөзінде вице-министр NFA Expo-2025-тің өндірушілер үшін өнімдерін таныстыруға, ал ритейл өкілдері үшін тиімді серіктестерді жылдам табуға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, тікелей диалог жаңа тауарлардың нарыққа шығуын жеделдетіп, ашық әрі айқын ынтымақтастық шарттарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Айжан Бижанова түпкі тұтынуға бағытталған тауарларды дамытудың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Бұл сегмент жоғары қосымша құн қалыптастырып, ЖІӨ өсімінің негізгі драйверіне айналатынын айтты. Сонымен қатар ол сауда желілеріндегі сөрелік кеңістіктің кемінде 30 пайызы отандық азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын өнімдерге бөлінуі қажет деген заң нормасын еске салды. Бұл қазақстандық өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрлік «Бір терезе» цифрлық платформасын енгізу жоспарланғанын хабарлады. Ол отандық тауар өндірушілер тізілімімен біріктіріліп, қазақстандық өнімдердің ритейлге жедел әрі ашық қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Көрме аясында вице-министр Пәкістан Сенатының депутаттарымен кездесті. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, тұтыну тауарлары саласында әріптестікті нығайту туралы уағдаласты. 350 млн-нан астам тұтынушысы бар Пәкістан көрмеге қатысушы компаниялар үшін стратегиялық маңызды нарық саналады. Кездесу барысында бизнес-қоғамдастықтар арасында тікелей байланыстар орнатуға, ритейл саласында тәжірибе алмасуға және тұрақты логистикалық тізбектер құруға дайындық білдірілді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, NFA Expo-2025 тарихтағы ең кең категориялық қамтумен өтіп жатыр. Көрмеде тұрмыстық химия, асүй құралдары, тұрмыстық техника, косметика, парфюмерия, балалар тауарлары, интерьерлік өнімдер, бақшаға арналған бұйымдар, мерекелік тауарлар және HoReCa секторына арналған жабдықтар ұсынылған.

Биыл көрмеге жаңа бағыт – Retail Tech бөлімі қосылды. Онда ритейлге арналған IT-сервистер, технологиялық жабдықтар және цифрлық шешімдер көрсетілуде. Қытайдың ұлттық экспозициясы ерекше назар аудартты: индустриялық провинциялардан келген компаниялар тұрмыстық химия, шыны өнімдері, асүй техникасы және ыдыс-аяқтарын ұсынды.

Көрменің басты трендтерінің бірі – жеке сауда маркалары (private label). Ұйымдастырушылардың дерегінше, қатысушылардың жартысынан астамы сауда желілеріне арналған тауарларды келісімшарттық өндіруге дайын. NielsenIQ мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстанда жеке маркалардың үлесі екі есеге жуық өскен, ал сатып алушылардың 60 пайыздан астамы мұндай өнімдерді айына кемінде бір рет сатып алады.

Көрменің алғашқы күнінен бастап ірі ритейл өкілдері – Magnum, Small, Anvar, Toimart, Airba Fresh, Korzinka, Wildberries, Flip.kz, Fix Price, bi1, Globus және басқа да желілер өндірушілермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Қатысушылар үшін сертификаттау, қаптама, логистика, шикізатпен қамтамасыз ету және экспорттық бағыттар бойынша кеңес беру аймағы ұйымдастырылған.

Алдағы үш күн ішінде NFA Expo-2025 жаңа брендтердің таныстырылымы, шеберлік сабақтары, өнім көрсетілімдері мен іскерлік кездесулер өтетін негізгі алаңға айналады. Көрме 28 қарашаға дейін жалғасады.

Шара ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтіп жатыр.

Айта кетейік, Минскіде өткен сауда миссиясы нәтижесінде 5 млн долларлық келісімшарт жасалды.