Қазақстанда жекеменшік медициналық ұйымдардың алғашқы форумы өтеді

АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда 8-9 ақпан күндері «Қазақстандағы жекеменшік денсаулық сақтау саласы: жетістіктері, қазіргі таңдағы мәселелері,

оларды шешу жолдары мен оның даму болашағы» деген тақырыпта жекеменшік медицина ұйымдарының алғашқы форумы өтеді. Бұл жайлы бүгін аталмыш жобаның ұйымдастырушысы және бастамашысы болып отырған «Медициналық қызметтердің сапасы үшін» Қазақстанның медициналық компанияларының қауымдастығы» мен Ұлттық медицина қауымдастығы өкілдері баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Медициналық қызметтердің сапасы үшін» Қазақстанның медициналық компанияларының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Атқарушы директоры Лейла Дайырбаеваның айтуынша, форумға республикамыздың барлық өңірлерінен 200-ге жуық делегат қатысады. Оның ішінде билік өкілдері, денсаулық сақтау басқармасының, жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары, тағы басқа да тұлғалар болады деп жоспарланып отыр. Олар жекеменшік медициналық ұйымдар қызметінің заңнамалық-құқықтық жағы, кездесіп отырған қиындықтары мен әкімшілік кедергілері, медициналық мекемелер қызметінің мемлекеттік бақылауын жетілдіру және жекеменшік денсаулық сақтау саласын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен инвестицияларды дамытуға қатысты ұсыныстарды әзірлеу секілді көкейтесті мәселелерді кең ауқымда талқылайтын болады. Форум барысында сондай-ақ, дөңгелек үстел жиындары мен тақырыптық семинарлар ұйымдастырылмақ. Ал жиынның соңында жекеменшік денсаулық сақтау саласын және осы саладағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне арналған ұсыныстар қамтылған форум қарарын қабылдау жоспарлануда.