Қазақстанда желтоқсан айының соңында сайлау алдындағы теледебат өтеді
17:27, 10 Желтоқсан 2020
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылғы 30 желтоқсанда саяси партиялардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған қатысты тиісті қаулыны Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бүгін қабылдады.
Құжатқа сәйкес, партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысы 2020 жылғы 30 желтоқсанда өтеді.
Осы қаулы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың назарына жеткізілді.
Сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысатын кандидатураларды айқындайды.
Осы қаулының орындалу барысы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцоваға жүктеледі.