Қазақстанда жемқорлыққа қарсы тәуелсіз кеңес құрылды

None
АЛМАТЫ. Мамырдың 16-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Финляндия сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақстанда Сыбайластыққа қарсы тәуелсіз кеңес құрылды.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында кеңес мүшелері мәлім етті.

Кеңесті құруға бастамашы болған «Орталық Азияның Еуразия қорының» президенті Джефф Эрлихтің айтуынша, кеңестің мақсаты Қазақстанда сыбайластық деңгейін төмендету бағытында қоғамдық ұйымдарды, тәуелсіз сарапшыларды және іскерлік топтардың өкілдерін біріктіру болып табылады. Қазіргі кезде кеңес құрамына 15 қоғамдық ұйым кірген.

«Сыбайластыққа қарсы ықпал етуде қоғамдық ұйымдардың қызметін дамыту керек, өйткені сыбайластықты қоғамның қатысуынсыз жеңу мүмкін емес. Осыған дейін елімізде мемлекеттік органдар ғана жемқорлықпен күресіп келді. Өйткені үкіметтік емес ұйымдардың ортақ ұйымы болған жоқ. Кеңес осы олқылықтың орнын толтырады», дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова.

Джефф Эрлихтің сөзіне қарағанда, кеңес қазірдің өзінде жұмысын бастап кеткен. Жұмыстың бастамасы ретінде кеңес мүшелері Грузия, Молдова, Эстонияға барып, олардың ҮЕҰ-ларының сыбайластықпен күрес тәжірибесімен танысып қайтқан. Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық кеңес алдағы уақытта 4 бағыт бойынша жұмыс істеуді шешкен. Бұған сәйкес сыбайластықтың ел экономикасына және қоғамдық қатынастарға ықпалын зерттеу, заңдардың қолданыс деңгейін анықтау, сыбайластыққа қарсы мемлекеттік бағдарламаларды бағалауға азаматтардың қатысуын кеңейту, мемлекеттік органдардың сыбайластықпен күресте тиімділігін анықтамақ.