Қазақстанда жеңіл автомобиль шиналарының нарығы 9%-ға дейін ұлғаяды - баспасөз мәслихаты
Ол автомобиль нарығының белсенді дамуы мен жалпы елдегі тұрақты экономикалық жағдаймен байланысты. Бұл туралы Астанада өткен арнайы баспасөз мәслихатында Мишлен компаниясының вице-президенті, Шығыс-Еуропа географиялық аймағының басшысы Тьерри Шиш мырза айтты.
Оның айтуынша, 2010 жылы Қазақстанда ішкі жалпы өнім 7 пайызға өскен (Ресеймен салыстырғанда - 3,6 %-ға, Украинамен салыстырғанда - 4,3%-ға) және бұдан кейінгі жылдары да осы серпін сақталмақ. «Егер Қазақстан Республикасының автомобиль паркі туралы айтатын болсам, онда 2011 жылғы негізгі тренд - бұл оның қарқынды түрде жаңаруы: ол жаңа автомобильдер сатылымының артуымен, сондай-ақ ел аумағына 2011 жылғы 1 шілдеге дейін әрекет еткен жеке тұлғаларға арналған жеңілдетілген мөлшерлемелер бойынша бұрын қолданыста болған шетелдік автомобильдердің көп әкелінуімен байланысты болды. Мысалы, 2010 жылы жаңа автомобильдер сату көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 14,35%-ға өсіп, 21,6 мың бірлікті құрады. Бұл ретте нарықтың барлық сегменттерінде өсу байқалды. Әсіресе, жеңіл автомобильдер жол талғамайтын автомобильдер сегментінде 16,5%-ға өсті. Ағымдағы жыл бұдан да жоғары серпінді көрсетті. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде ғана жаңа автомобильдер сату өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есеге өсіп, 17,3 мың бірлікті құрады»,-деді ол.
Тьерри Шиш мырзаның айтуынша, автомобиль нарығындағы оң үрдіс Қазақстанда жеңіл автокөлік шиналарының дамуына оң әсер еткен. «Шина нарығы 2009 жылы күрт құлдыраудан кейін, 2010 жылы қайта өсе бастады. Алайда, ағымдағы жылы бұдан да жылдам өсу байқалады. Біздің болжамымыз бойынша, 2011 жылы Қазақстанда жеңіл автомобиль шиналарының нарығы 9%-ға, яғни 2,58 млн. шинаға дейін ұлғаяды. Одан кейінгі жылдары да осы оң серпін сақталады»,-деді ол.
Оның пікірінше, 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында жаңа автомобильдер сатылымының артуы және бұрын қолданыста болған шетелдік маркалардың көп әкелінуі алдағы қыс маусымында шиналардың сатылымына оң әсерін тигізбек.