Қазақстанда жер қатынастары мәселелерін халыққа түсіндіретін 300 мыңдай заңгер керек - семинар-кеңес
18:49, 10 Сәуір 2012
АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - «Парақорлықпен күрестің ең оңтайлы жолы - халыққа ұлттық мәдениетті, заң бұзылған жағдайда қайда бару қажеттігін үйрету»,-дейді Қаржы полициясы академиясының профессоры Бекайдар Тойлыбаев.
Бұл пікірін ол бүгін «Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару агенттігіндегі жемқорлықпен күрес» атты тақырыпта өткен семинар-кеңес барысында білдірді.
Оның айтуынша, еліміздің ауылдық аймақтарында заңгерлер жетіспейді.
«Мен жеке өзім осыған дейін 15 әкімшілікке кіріп шықтым. Олардың біреуінде де заңгер маманы жоқ. 15 ауылдық округте барлық мамандар бар, бірақ заңгер жоқ. Сонда еліміздегі жер қатынастарын реттейтін заңдарды халыққа кім түсіндіреді. Сондықтан ауыл әкімдіктеріне тез арада мемлекет тарапынан қаржы төленетін штат беру керек. Оның қызметінің қажеттілігін дәлелдеу керек. Қазақстанда жер қатынастарына қатысты мәселелерді халыққа түсіндіретін 300 мыңдай заңгер керек»,-дейді ғалым.