Қазақстанда жер телімдерін алу үшін рұқсат беру процедуралары санын қысқарту жоспарлануда

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда жер учаскелерін алу үшін рұқсат беру процедуралары санын қысқарту жоспарлануда.

Бұл туралы КТК телеарнасындағы «Халық қызметшісі» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда мол қаржылық қамтамасыз етілумен көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына байланысты аталған қаржыны бөлетін шенеуніктерде оның белгілі бір мөлшерін қалтаға басу ойы туындап жатады. Бұл аталған ақшаны алу тиісті адамдармен байланыс барысында жүзеге асырылады. Сондықтан да қазіргі уақытта бұл байланыстарды төмендетуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, жер учаскелерін алу үшін рұқсат беру процедураларының санын қысқарту жоспарлануда. Қазіргі уақытта мұндай процедуралардың саны шамамен 35, ал оны алуға біршама уақыт қажет. Мөр басып, қол қоятын шенеуніктермен әрбір байланысқан сайын жемқорлық жағдай туындайды. Ал бұл процедураларды әлемдік тәжірибені ескере отырып, оңтайландырғаннан кейін тек үшеуі ғана қалады.