Бұл туралы бүгін Астанада Bnews.kz порталында болған онлайн конференцияда ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков мәлім етті.
Оның айтуынша, осы бағыттағы жағдайды зерттеу барысында, жер алуға қатысты өтініш түсірген азаматтардың 95 пайыздан астамы ірі қалалардан, яғни Алматы мен Астана қалалары және облыс орталықтарынан жер алуға ниет білдергендігі анықталды.
«Астана қаласы бойынша, жер учаскесін алуға қатысты 80 мыңнан астам өтініш келіп түссе, Алматы қаласы бойынша, азаматтардан 131 мыңнан астам өтініш түскен. Қазақстанда жер телімін алуға ең көп өтініш Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша келген, онда 174 мыңнан астам азамат жер алуға ниет білдірген»,- деді Агенттік басшысы.
Алайда, агенттіктің ақпаратында көрсетілгеніндей, биыл Астана мен Алматыдан бірде бір жер телімі берілген жоқ. «Себебі заңнама бойынша, жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдері тек тиісті инфрақұрылым салынғаннан кейін барып беріледі»,- деп атап көрсетті Ө. Өзбеков.
«Мұнда екі түйткіл бар. Азаматтар ірі қалаларда тұрғылары келеді. Дегенмен инфрақұрылымы бар жер ресурстары өте аз. Соған байланысты қалалық аумақтардан жер бөлу ісіне біршама шек қойылған. Ал ауылдық жерлерден бір телім жер алу ешқандай қиындық туғызбайды»,-дейді ол.
Оның айтуынша, жалпы 2005 жылдан бері Астанада 1 447 жер телімі берілген. Ал Алматы қаласында 24 857 жер бөлінген. 2005 жылдан бері Қазақстан бойынша, 315 мыңнан астам өтініш қанағаттандырылған.
Еліміздің Жер ресурстары туралы заңнамаларына сәйкес, Қазақстанның кәмелеттік жасындағы әрбір азаматы 10 сотық жерді тегін алуға құқығы бар.