Қазақстанда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі жеңілдетілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі жеңілдетілуде. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Экономиканың инфрақұрылымын дамыту департаменті директорының орынбасары Гүлжахан Бимендина мәлім етті.

Атап айтқанда, ҚР Ұлттық экономика министрлігімен «100 қадам» Ұлт жоспарының 36 қадамын іске асыру мақсатында, жерлердің нарықтық айналымын белсенді ынталандыру және жер қорынын экономикалық қайтарымдылығын арттыру үшін «Қазақстан Республиканың Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы әзірленді.

Атап айтқанда, Жер кодексіне ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты нысандарды салу кезінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін ескермейтін нормасы енгізілді.

Мысалы, шаруашылық жүргізу нысанын шаруа қожалығынан ЖШС-ға немесе АҚ-ға, сондай-ақ АҚ-дан ЖШС-ға немесе шаруа қожалығына өзгерту кезінде өздеріне тиесілі жерлердің нысаналы мақсатын өзгерту ресімін қажет етпейді, өйткені құқықтық-ұйымдастыру нысанына қарамастан, бұл субъектілер ауыл шаруашылығы жер пайдаланушылары болып табылады.

Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізумен байланысты құрылыстарды салу кезінде (мал шаруашылығы кешенін, жылыжайлар) нысаналы мақсатын өзгертуді қажет етпейді.

Г. Бимендинаның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін әкімшілік кедергілерді алып тастау және шығындарды қысқарту арқылы қолайлы жағдай жасалады.

«Осы шаралар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толыққанды нарықтық айналымға енгізу үшін қажетті жағдайлар жасауы, жерді пайдаланушылардың жер ресурстарын ұтымды пайдалануы бойынша жауапкершілігі мен ынтасын арттыруы тиіс», - деді ол.