«2019 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамытуға 200 млрд теңгеден астам бөлінді. Аталған қаражат есебінен былтыр республиканың бар аумағында 386 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 37 жоба – жол құрылысымен, 34 жоба – жолдардың реконструкциясымен, 60 жоба – жолдарды күрделі, 255 жоба – орташа жөндеуден өткізумен байланысты. Тұтастай алғанда, жөндеу жұмыстарымен қамтылған жолдардың жалпы ұзындығы 4 617 шақырымды құрады. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 71 пайызға жетті», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.
2019 жылы жүзеге асырылған жобалардың саны бойынша көшті Маңғыстау облысы бастап тұр. Мұнда жолдарды реконструкциялауға бағытталған 5 жоба, жолдарды салуға бағытталған 2 жоба жүзеге асырылды. Облыс жақсы жағдайдағы жергілікті жолдардың сапасына қатысты рейтингте де бірінші орында. Өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 92 пайызы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.