Қазақстанда жерлерді конкурстық негізде берудің жеке тәртібі белгіленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жер саласында туындаған мәселелерді зерделеу үшін арнайы комиссия жұмыс істеді. Комиссия мүшелерімен ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына жалға беру институтын сақтап, оны дамытуға және Жер кодексіне енгізілген мораторийдің мерзімін 5 жылға ұзарту туралы ұсыныс берілген болатын. Аталған ұсыныстарды Мемлекет Басшысы қолдады. Қызу қоғамдық пікір туғызған мәселелер бойынша қолданыстағы мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке және шетелдіктерге жалға беруді тоқтата тұратын өзгерістер енгізілді», - деді ол.

Оның айтуынша, мораторий кезіңде ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалы жағдайы, олардың пайдаланылуы, меншік иелелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтер базасын құруға бағытталған ревизия және топырақтық, геоботаникалық зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Олардың негізінде топырақтық және геоботаникалық электрондық карталар құру, есептік тоқсандардың электронды жер-кадастрлық карталарын жасау қамтамасыз етіледі.

«Аталған жұмыстарды жүргізу үшін 32,8 млрд тенге қаражат қарастырылып отыр. Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша мынадай ұсыныстар қабылданды: ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау және оны жетілдіру, жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін белгілеу, шекара маңынан ауыл шаруашылығы жерлерін беруге қойылатын талаптарды күшейту, халыққа қажетті жайылымдық жерлердің көлемін анықтау, жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажетті жер учаскелерін мемлекеттік мұқтаждыққа жатқызу», - деді комитет басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы осы мәселелерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қарастырады.

«Заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтай отырып, жерлерді конкурстық негізде берудің жеке тәртібін белгілеуді көздейді. Көрсетілетін тәртіппен ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері әкімдікпен бекітілген конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі. Тізбені ауданның жер қатынастары жөніндегі бөлімдері қалыптастырып, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісіліп, ауданның атқарушы органымен бекітеді.

Конкурстың айқындылығын қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссияның құрамына комиссия мүшелерінің кемінде 50 пайызын құрайтын қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін қосу көзделген. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізіледі. Сонымен бірге, конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында енді жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Мұнан бөлек аталған хабарландыру өздерінің ресми сайттары мен ақпараттық стендтеріне орналастыру үшін аудан әкімдіктеріне жіберіледі», - деді ол.