Құжатқа бірқатар депутаттар бастамашылық жасаған. «Заң жобасы негізінен еліміздегі балалар үйлері мен интернатта тәрбиеленушілерінің санын азайтуды мақсат етеді. Бұл ретте жетім және асыраушысынан айырылған балаларды қазақстандық азаматтар отбасына беру жолдарын жетілдіру, ондай санаттағы балалар бойынша мәліметтер базасын құру, сонымен бірге, осы мәліметтер базасы арқылы ол балалардың одан арғы өмірлерін бақылау көзделеді», - деді заң жобасы бойныша баяндаған сенатор Бірғаным Әйтімова. Оның айтуынша, заң жобасында жетім немесе асыраушысынан айырылыған балаларды отбасыларға орналастырудың жаңа түрі қонақтық отбасы қарастырылады. Ол бойынша аталған отбасы келісімшарттар негізінде балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін мектеп каникулдары мен мерекелік күндері қабылдай алады. Ал каникул мен мереке күндері уақытын осылай өткізу балалардыың және қонаққа қабылдайтын отбасының келісімімен жүзеге асырылады.
«Мұндай жаңа форма асыраушысынан айырылған балаларды отбасына қабылдау үшін мүмкіндіктер туғызып, алдағы уақытта оларды асырап алуға, қамқорлығына, патронаттығына алуға жағдай қалыптастырады», - деді сенатор Б. Әйтімова.
Сенаторлар әзірлеген заң жобасына сәйкес, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды Республикалық мәліметтер базасына міндетті түрде енгізу қарастырылады. Бұл жүйе бала құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен орталық және жергілікті деңгейде, сонымен бірге, Қазақстанның шетелдік мекемелерімен ақпараттар алмасуға мүмкіндік береді. Бұндай мәліметтер базасын құруға 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 280 миллион теңге қарастырылған.