Қазақстанда ЖИ университеті ашылып, киберспорттан әлемдік дода өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан толық цифрланған мемлекет құруға кірісті. Елде Жасанды интеллект туралы заң қабылданып, жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық құқықтарына кепілдік берілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ресми ашылуында айтты.

Фото: Ақорда

Өз құттықтауында Президент қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын ерекше атап өтті.

– Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпалын тигізуде. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар аса маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, 1 шілде күні еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілді.

– Бұл – шын мәнінде бұрын-соңды болмаған яғни өркениетке қарай жасалған озық қадам. Біз осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладық. Осылайша цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда AI Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзіреттер мен дағдыларды меңгерді. Биыл күзде Астанада ЖИ университеті ашылады.

– Елімізде нейрожелі көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл Қазақстанда іске асып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана, – деп түйіндеді Президент.

Айта кетейік, Астанада «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылу рәсімі өтті. Турнир Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 34 елден 800-ден астам спортшы қатысады.

Президент Телерадиокешені «Болашақ ойындары–2026» турнирінің телевизиялық түсірілімін жасайды.