Қазақстанда жылжымайтын мүлік мәмілелерін рәсімдеу тәртібі өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – 8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариалды куәландыру тәртібі өзгерді. Енді мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті иеліктен шығару және кепілге беру туралы шарттар жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі нотариуста куәландырылуы тиіс.

Фото: freepik

Жаңа талап «Нотариат туралы» заңның 54-бабында бекітілген.

Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 8 шілдеде қабылданған заңмен енгізілді. Оған сәйкес, мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару және кепілге беру туралы шарттар мүлік орналасқан жерде куәландырылуы қажет.

Құжат шілде айында жарияланып, 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 8 қыркүйекте күшіне енді.

Жылжымайтын мүліктің орналасқан жері нотариустың тиісті нотариаттық әрекетті жүзеге асыра алатын аумағын айқындайды. Заңның 20-бабына сәйкес, нотариаттық округ бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағын қамтиды.

Сонымен қатар «Нотариат туралы» заңның 21-бабына да өзгерістер енгізілді. Енді нотариустың аумақтық қызмет шекарасы сақталуға тиіс нотариаттық әрекеттер тізіміне заңның 54-бабында көзделген әрекеттер де тікелей енгізілді. Нотариаттық кеңседен тыс жерде нотариаттық әрекеттер жасауға да тек тиісті нотариаттық округ шегінде рұқсат етіледі.

Нотариус Карина Төлепова жаңа талаптың азаматтарға іс жүзінде қалай әсер ететінін түсіндірді.

– Енді жылжымайтын мүлікті сату, сыйға тарту немесе кепілге беру кезінде тек сол нысан орналасқан қаладағы немесе өңірдегі нотариусқа жүгінуге болады. Мысалы, Алматыдағы пәтерге қатысты мәміле Алматыдағы нотариуста, ал Шымкенттегі үйге қатысты мәміле Шымкенттегі нотариуста рәсімделуі керек. Мұндай мәмілені басқа қаладағы нотариус арқылы рәсімдеу енді мүмкін емес, – деп түсіндірді ол.

Осылайша, жылжымайтын мүлік иесі мен мәміленің екінші тарабы нотариусты таңдаған кезде нысанның орналасқан жерін ескеруі қажет.

Айта кетейік, жылжымайтын мүлікке мекенжай беру ережелері жаңартылды.