Қазақстанда жіті көңіл бөлуді талап ететін 200 мыңға жуық жас бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жіті көңіл бөлуді талап ететін 200 мыңға жуық жас бар. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес жүргізілген «Жұмыспен қамту»  бағдарламасы аясында 2011-2016 жылдары 380 мыңнан аса жасқа мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі статистика мәліметтеріне сәйкес соңғы 3 жылда 4 пайыздың деңгейде тұр. Дегенмен қазіргі таңда жастар арасында жіті көңіл бөлуді талап етіп отырған 200 мыңға жуық азамат бар. Олардың 56 пайызы ауылда тұрады, 90 мыңы жұмыссыздар, 103 мыңы өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар»,-  деді Дүйсенова.

Министрдің дерегінше, олардың көпшілігі тек орта мектепті тәмамдаған жастар. Бұл санаттағы жастарға мемлекеттік қолдау биылғы жылы жүзеге асырылғалы отырған «Нәтижелі жұмыспен қамту» және «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары аясында көзделген. Олар аталған бағдарлама бойынша оқып, кәсіпкерлік қыр-сырын үйренеді, несие алып, өз істерін бастай алады.

«Атқарылар жұмыстың нәтижелілігі берілетін қолдаудың нақтылығына байланысты. Өткен жылы Ақмола облысының Аршалы ауданында, Ақтөбе қаласы мен оған қарасты 6 кентте ауыл әкімінің автоматтандырылған жұмыс орны ақпараттық жүйесін ілкі түрде енгіздік. Онда тек тұрғындардың саны мен тұрмыстық жағдайы ғана емес сонымен бірге мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтардың мәртебесін анықтау мүмкіндігі туындады. Осындай ақпараттық жүйені барлық облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері жергілікті жерлерде кезең-кезеңімен енгізуі қажет деп ойлаймыз», - деді ол.

Дүйсенованың айтуынша, бұл жүйе ең алдымен барлық деңгейдегі әкімдер үшін ауыл тұрғындары туралы жан-жақты мәлімет қамтыған нақты деректер қоры болып саналады. Сонымен бірге электронды үкімет жүйесін ауыл аймақтарға дейін таратуға мүмкіндік береді.