Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке қолданыстағы бағалау жүйесіне жүргізілген талдамалық зерттеулерді қамтитын жобаның алғашқы екі кезеңінің нәтижелері, сондай-ақ екі аптаға созылған қарқынды бірлескен жұмыстың қорытындысы ретінде әзірленген AIT жаңа қабылдау емтиханы тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.
Жобаның барлық кезеңінде ETS сарапшылары Ұлттық тестілеу орталығының мамандарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді. Емтихан тұжырымдамасы білім беру саласындағы халықаралық бағалау тәжірибесі мен қазақстандық мамандардың білімді бағалау жүйесіндегі кәсіби тәжірибесін ұштастыру нәтижесінде әзірленді.
Таныстырылым кәсіби пікірталас форматында өтіп, жаңа емтихан моделін қалыптастырудың негізгі тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Министр жобаны одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдарын білдірді. Әсіресе XXI ғасыр құзыреттерін бағалауға бағытталған емтиханның модульдік архитектурасына ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында мектеп бағдарламасын меңгеру деңгейін ғана емес, сонымен қатар сыни ойлау, аналитикалық қабілет, ақпаратпен жұмыс істеу, шешім қабылдау және білімді жаңа жағдайда қолдану дағдыларын бағалауды көздейтін тұжырымдама қолдау тапты.
Кездесуде жаңа емтиханды әзірлеудің алғышарттарына да ерекше тоқталды. Саясат Нұрбек AIT әзірлеу идеясы Education World Forum аясында ETS ұйымының бас атқарушы директоры Амит Севакпен өткен кездесуден кейін дами бастағанын атап өтті. Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары белсенді ашылып жатқан жағдайда, нәтижелері отандық жоғары оқу орындары мен елімізде жұмыс істейтін шетелдік университеттердің филиалдары тарапынан бірдей мойындалатын бірыңғай бағалау құралын қалыптастыру қажеттілігі туындады.
— Сонымен қатар AIT тек жоғары оқу орындарының қажеттіліктерін өтеуге ғана бағытталмағаны атап өтілді. Жаңа емтиханның негізгі міндеттерінің бірі — талапкердің білім беру әлеуетін айқындау, оның білім беру және кәсіби бағытын саналы түрде таңдауына ықпал ету, сондай-ақ жоғары оқу орындарына қабылдау тетіктерін жетілдіру. Сонымен бірге емтихан нәтижелері білім гранттарын бөлу жөніндегі шешімдерді қабылдау кезінде қосымша құрал ретінде пайдаланылуы мүмкін. Кездесу барысында жаңа қабылдау емтиханын әзірлеу, апробациялау және кезең-кезеңімен енгізу мерзімі ішінде қолданыстағы ҰБТ жүйесі толық сақталатыны атап өтілді, — делінген министрлік хабарламасында.
Кездесу қорытындысында министр адами капиталды дамыту елдің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты халықаралық тәсілдерге сәйкес келетін заманауи қабылдау емтиханын әзірлеу ұлттық жоғары білім беру жүйесін жетілдірудің маңызды бағыты ретінде қарастырылатынын айтты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығы және ETS ұйымының бірлескен жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Жобалық шешімдер сарапшылар талқылауының нәтижелері, апробация қорытындылары және академиялық қауымдастықтың ұсыныстары негізінде одан әрі жетілдірілетін болады. Жобаның түпкі мақсаты — Қазақстандағы барлық талапкерлер үшін тең мүмкіндік беретін, халықаралық стандарттарға сай, объективті әрі заманауи бағалау жүйесін қалыптастыру.
Айта кетелік ҰБТ-ның жаңа форматын енгізу 2027 жылы педагогикалық бағыттан басталады.