Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралар тексеріле бастайды

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларда білім беру жағдайы мен оқыту сапасына жүйелі мониторинг енгізіп отыр.

Бұл туралы ведомство Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, бұған дейін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша әскери дайындық сапасын бағалайтын және талдайтын бірыңғай тетік болмаған.

Осыған байланысты биыл Қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери дайындықтың сапасын бақылау және талдау қағидалары қолданысқа енгізілді.

Тексеру барысында білім беру үдерісі мен әскери даярланған резервті дайындау нәтижелері, сондай-ақ әскери кафедралардың оқу-материалдық базасының және кадрлық құрамының белгіленген нормативтік талаптарға сәйкестігі бағаланатын болады.

Ведомство дерегінше, қазіргі таңда елдегі 40 әскери кафедраның сегізі қару-жарақпен және әскери техникамен толық жабдықталмаған.

– Олардың басым бөлігі әскери-дәрігерлік мамандарды даярлау ерекшелігіне байланысты медицина жоғары оқу орындары жанындағы кафедралар, сондай-ақ жуырда ғана құрылған кейбір әскери кафедралар, – деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі.

Аталған сегіз әскери кафедраны қосымша жарақтандыру 2026 жылы жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылады.

Министрлік өкілдері анықталған заңбұзушылықтар бойынша жоғары оқу орындарына оларды жою үшін белгілі бір мерзім берілетінін атап өтті. 

Егер талаптарға сай әрекет жасалмаса, әскери кафедра Қорғаныс министрінің уәкілетті органмен келісімі бойынша қабылданған шешімімен таратылуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы әскери білім беру жүйесіне ауқымды реформалар қажет екенін айтқан болатын.