Қазақстанда жол құрылысына арналған цементтердің сапасы зерттеліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда автомобиль жолдарын салу мен жөндеуде пайдаланылатын отандық цементтердің сапасын кешенді бағалау жұмыстары басталды.

Фото: Көлік министрлігі

«ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандары жүзеге асырып жатқан ғылыми жоба қазақстандық өндірістегі цементтердің химиялық құрамы мен физика-механикалық қасиеттерін талдауға бағытталған.

Зерттеудің мақсаты – отандық цементтердің сапасын бағалап, Қазақстанның климаттық жағдайларын ескере отырып жол құрылысына арналған цементтерге қойылатын ғылыми негізделген талаптарды әзірлеу.

– Жол құрылысында цемент негізгі материалдардың бірі болып табылады. Оның сапасына жол жамылғысының беріктігі, аязға төзімділігі, температуралық өзгерістерге тұрақтылығы және автомобиль жолының қызмет ету мерзімі тікелей байланысты. Сондықтан цемент қасиеттерін зерттеу елдің көлік инфрақұрылымының сенімділігін арттыруда стратегиялық маңызға ие, – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» мамандары.

Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және цемент өндіруші кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен сынамалар іріктеліп жатыр.

Бүгінде Қазақстанда құрылыс саласына өнім шығаратын 11 цемент зауыты жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Маңғыстау, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы, сондай-ақ Шымкент қаласындағы кәсіпорындардан цемент үлгілері алынған.

Зерттеу барысында мамандар цементтердің физика-механикалық қасиеттерін, химиялық құрамын және минералдық қоспалардың әсерін талдайды. Сонымен қатар отандық зауыттардың өндірістік мүмкіндіктері мен өнім түрлері бойынша деректер жинақталады.

– Ғылыми жұмыстың негізгі нәтижелерінің бірі ретінде «Жол құрылысына арналған цемент» нормативтік-техникалық құжат жобасы әзірленеді. Бұл құжат цементбетон жолдарын салуда қолданылатын цементтерге бірыңғай талаптар белгілеуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Мамандардың пікірінше, зерттеу нәтижелері жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыруға, цементбетон жабындарының ұзақмерзімділігін қамтамасыз етуге және заманауи технологияларды кеңінен енгізуге негіз болады.