Қазақстанда жол құрылысына пайдаланатын битумдар тексерілуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жол құрылысы жұмыстарында пайдаланылатын битумдардың сапасы тексерілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жұмыстар Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы бойынша орындалып жатыр.

«Негізгі мақсат – құрылыс нысандарын, автомобиль жолдарын реконструкциялау мен жөндеу жұмыстарын сапалы битуммен қамтамасыз ету, сондай-ақ сапасыз өнімді пайдалану фактілерінің алдын алу. Зерттеу жұмыстары СТ 1373-2013 талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бүгінде Қазжол ҒЗИ зертханаларында өндірушілер жасап шығарған битумдардың 8 сынамасы зерттелді. Нәтижесінде, зауыттардың битумдары мәлімделген нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетіні анықталды», - деп жазды ведомстводан..

Айта кетерлігі, битум сынамалары өндіруші зауыттардан, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу объектілерінен алынған.

Сапасыз битумды пайдаланудың алдын алу мақсатында тауар сапасына жасалатын мониторинг жалғасады. Мониторинг нәтижелері еліміздің түрлі жол-климаттық аймақтарында битумның әртүрлі маркаларын қолдану саласын белгілеу үшін пайдаланылады деп жоспарлануда.