Қазіргі уақытта ел бойынша құрылыс, реконструкция және жөндеу нысандарында 16 жылжымалы зертхана жұмыс істейді. Олар тексеру жұмыстарын тікелей жол учаскелерінде жүргізуге мүмкіндік береді.
Кезекті тексеру барысында мобильді зертханалардың бірі Маңғыстау облысындағы «Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе» автожолының 91-161 шақырым аралығындағы жөндеу учаскесіне барған.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары нысанға үш мәрте барып, жол-құрылыс материалдарынан 34 сынама алған. Барлық үлгілер зертханалық сараптамадан өткізілген. Тексеру нәтижесінде материалдардың нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмеуінің үш дерегі және технологиялық талаптардың екі бұзушылығы анықталған.
- Анықталған кемшіліктер бойынша мердігер ұйым мен техникалық қадағалау компаниясына оларды жою жөнінде нұсқама берілді, - деп жазды Көлік министрлігінен.
Мамандардың айтуынша, мобильді зертханалар ақауларды ерте кезеңде анықтап, жол сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Көлік министрлігі жол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.
Айта кетейік, Өскемен – Семей жолының 51 шақырымы жаңартылып жатыр.