Оның айтуынша, Көлік министрлігі «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жүктерді тиімді тасымалдау, жолдарды сақтау және азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің уақытын қысқартуға бағытталған цифрлық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
– 7-ші бағыт бойынша негізгі индикаторлар белгіленді. Өткізу пункттерінен жүк көлігінің өту уақыты 30 минуттан аспауы керек. Цифрлық паспорты бар және жүктерді маршрут бойы бақылау көлемі артады. Бұл көрсеткіш биыл 20 пайыз, 2027 жылы 60 пайыз, 2028 жылы 80 пайыз болады, – деді министр.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бағдарлама аясында Smart Cargo және е-Көлік жобалары іске асырылып жатыр. Smart Cargo платформасы 58 дереккөзді біріктіреді. Жүйе халықаралық жүктерді жолға шыққан сәттен бастап межелі жерге жеткенге дейін қадағалауға мүмкіндік береді.
– «Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты іске қосылды. Қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код қолданылады. Бүгінде 11 мыңнан астам цифрлық паспорт рәсімделді. Нәтижесінде жүк өткізу жылдамдығы 30 пайызға артты, – деді ол.
Министрдің мәліметінше, «Нұр Жолы – Қорғас» бағытында кезекті күту уақыты 10 есе қысқарған. Келесі кезеңде Smart Cargo платформасын басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар е-Көлік жүйесі көлік саласындағы барлық цифрлық шешімдерді біріктіретін орта ретінде қалыптастырылады. Жүйе жасанды интеллект технологияларын қолданады.
Көлік саласын сенімді деректермен қамтамасыз ету үшін Smart Data Transport деректер базасы құрылды. Қазіргі уақытта оған 9 дереккөзі қосылған. Алдағы уақытта олардың санын 40-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр.
– Жасанды интеллект деректер негізінде көлік желісінің 100 пайызын талдауды және бақылауды қамтамасыз етеді, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Айта кетейік, елімізде көлік жүйесі қалай өзгеріп жатқанын жазғанбыз.