Қазақстанда жүкті әйелдерге 12 түрлі медициналық тексеру тегін жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 1 миллионнан астам әйел әйелдер консультацияларының қызметін алды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Фото: NOW-fertility

Елімізде әйелдерге медициналық көмектің тұтас кешені мемлекет есебінен көрсетіледі. Бұл қызметтер репродуктивтік денсаулықтың барлық маңызды кезеңін – отбасын жоспарлаудан бастап босанғаннан кейінгі қалпына келуге дейінгі аралықты қамтиды.

425 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталықтың базасында әйелдер консультациялары ашылған. Оларда жеке тіркеу бөлімдері, емшара кабинеттері және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған.

– 1 миллионнан астам әйел әйелдер консультацияларының қызметтерін алды. Ал жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған жүкті әйелдердің үлесі 18%-ға артып, 71%-ды құрады, – делінген министрлік мәліметінде.

Ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау үшін барлық өңірдегі перинаталдық орталықтар базасында «Бір күндік клиникалар» ұйымдастырылды. Мұнда жүкті әйелдер кепілдік берілген медициналық көмек шеңберінде 5 түрлі зерттеуден өтіп, нәтижесін келесі күні алады.

2026 жылы диагностикалық зерттеулермен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, 500 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Нәтижесінде ұрық кемістіктерін анықтау көрсеткіші 13%-ға артса, нәресте өлімінің көрсеткіші 15%-ға төмендеді.

2025 жылдан бастап Қазақстанда әйелдерді салауатты жүктілікке дайындауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарлама аясында әйелдерге 12 түрлі медициналық тексеруден тегін өту мүмкіндігі қарастырылған.

Жыл сайын республикада 300 мыңнан астам босану қабылданады. Мемлекет ана мен бала денсаулығын сақтауға және әрбір әйелге тұрғылықты жеріне немесе қаржылық мүмкіндігіне қарамастан медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді.

Айта кетейік, енді жүктілік пен босануға байланысты төлемді мобильді қосымша арқылы рәсімдеуге болады.