Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылау барысында Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай мәлім етті.
Талқылау барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы былтырғы жылы Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктер саны 4500-ді құрағанын айтып, ал кейіннен қабылданған заң бойынша олардың барлығы қайта тіркеуден өтуі тиістігіне назар аударды. «Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша қайта тіркеу үдерісі қалай жүріп жатыр?»,- деп сұрады сенатор агенттік төрағасынан.
«Қазір заң нормасына сәйкес, өтпелі кезең басталды. Бұл кезең 25 қазан күні аяқталады. Осы уақыт ішінде Қазақстанда тіркелген 4551 діни бірлестік қайта тіркеуден өтуі шарт. Қазіргі уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барлық 2300-ден астам мешіттері толық тіркеуден өтіп жатыр. 10 облыста тіркеу бітті. Ал орыс православ шіркеуі ендігәрі Қазақстанның православ шіркеуі аталатын болды. Сол шіркеуге қарасты 270 приходтың барлығы тіркеуден өтіп жатыр. Бұл 4500 діни бірлестіктің 80 пайызына дейінгі көрсеткіш», - дейді Қ. Лама Шариф.
Оның айтуынша, тіркеуден өтіп жатқан тағы 1200 протестант ағымындағы бірлестіктер бар. Олардың басым бөлігі ары қарай өз жұмысын тоқтатуы мүмкін. Өйткені, олар өз діни сенімдері негізінде бірлестіктерін қалыптастыратын бастама топтарын құра алмай жатыр. «Сондықтан да, біздің болжауымызша 4500 діни бірлестіктің саны 30 пайызға дейін кемиді. Бұл заңды, табиғи түрде орын алатын құбылыс. Бұнда ешқандай да адам құқықтарын шектеу немесе ар-ождан бостандығына нұқсан келтіру болмайды. Яғни, соған сәйкес алдағы уақытта елімізде жұмыс істейтін діни бірлестіктер саны 3 мыңнан сәл асады. Бұл жақсы көрсеткіш. Осылайша, біз бір жылдың ішінде діни алаңда заңсыз жұмыс жасайтын топтарды тоқтату мүмкіндігіне ие болдық», - деді Қ. Лама Шариф.