Бұл бағдарлама кірістердің орнықты түрде өсуіне, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, өз бетімен өнімсіз жұмыспен қамтылғандар санын төмендетуге тиіс. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» жұмыс берушілердің нақты мұқтаждарына қарай білікті кадрларды даярлауды қмтамасыз етуді көздейді. Ел өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарлама үш бағыттан тұрады: инфрақұрылымдарды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу, жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне қарай халықты ыңғайлы қоныстандыру және оқыту арқылы еңбекке орналастыруға жәрдемдесу. Бағдарлама нәтижелеріне қарағанда, қоғам мемлекет бастамасын оң қабылдады. Айталық, 2014 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, бағдарлама ауқымында мемлекеттің қолдауымен 370 мыңға тарта адам жұмысқа тұрды. «Құжат іске асырыла бастаған сәттен бері 2014 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағдарлама 364 357 адамды қамтыды. Олардың 224 218-і - жұмыссыздар, 121 946-сы - өзін өзі қамтығандар, 25 536-сы тұрмысы төмен жандар. Соның ішінде бағдарламаға қатысушылардың жартысы - әйелдер, 50 пайыздан астамы - жастар», - деп атап өтті Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов. .
Сонымен бірге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының арқасында тұтастай алғанда елде жастар жұмыссыздығы 1,3 пайызға төмендеді. Ал бұл жастарды өндіріске белсене тарту және олардың еңбекке деген ынтасын арттыру бағытына сай келеді.
Айта кетейік, егер 2010 жылы жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызды құраса, 15 пен 24 жас аралығындағы жастар жұмыссыздығы - 5,2 пайыз болған еді. Алайда 2014 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық төмендеп, 5,1 пайызды құрады (462,9 мың адам). Жастар жұмыссыздығын төмендетуде де осындай үрдіс байқалады, олардың қатары 3,9 пайыз болды
Лайықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету халықты әлеуметтік қорғанудың негізі, адами ресурстар әлеуетін жүзеге асырудың және дамудың маңызды шарты, қоғамдық игілік өсуінің және қазақстандықтардың өмір сапасын арттырудың басты құралы болып саналады. Сөйтіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру ел басшылығы қызметінің негізгі басымдығы болып отырғанын қуаттайды.