Қазақстанда жұмыссыздық бойынша гендерлік теңсіздік сақталып отыр - А. Манасова

АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Үкіметі жанындағы «Ұлттық талдау орталығы» АҚ зерттеулеріне қарағанда, Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі бойынша гендерлік теңсіздік сақталып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстандағы әйелдер мен балалардың өміріне экономикалық дағдарыстың, азық-түлік пен отынға баға тұрақсыздығының әсері» атты зерттеу қорытындыларын жариялаған талдау орталығының басқарма төрайымы Аяна Манасова мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зерттеу барысында Қазақстандағы кедейлік деңгейіне қатысты динамика үрдісі дағдарыс кезеңдері бойынша сақталып қалғаны байқалды. Дегенмен, дағдарыс салдарынан кедейлік пен жұмыссыздықтың өсуіне әсер ететін нақты факторлар байқалмайды. Яғни, бұл саладағы макродеңгей көрсетекіштері жаман емес. Сонымен бірге, жұмыссыздарды кедейлік тәуекеліне икемді тұратын топқа жатқызған әбден орынды. Бұл тұрғыдан қарағанда Қазақстанда жұмыссыздық бойынша гендерлік теңсіздіктің сақталып отырғанын атап өтуге болады», деді басқарма төрайымы Аяна Манасова.

Оның айтуына қарағанда, жұмыстан босап қалу қаупі еркектерге қарағанда әйелдерде көбірек кездеседі екен. Мәселен, зерттеулер нәтижесіне қарағанда 2009 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыз ерлер саны 43,2 пайызды құраса, әйелдерге қатысты бұндай көрсеткіш 56,8 пайызды құраған. «30 бен 55 жастағы ерлер мен әйелдердің жұмыспен қамтылуындағы елеулі айырмашылық бала туу жасындағы әйелдердің кемсітушілікке ұшырап отырғаны ретінде түсіндіріледі», деді басқарма төрайымы.