Қазақстанда жүргізушілердің жолда жүру мәдениеті сақтандыру полисін алғанда ескеріледі
Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы мақұлданды. Осы құжатта сақтандыру полистерінің құнын төмендету қадамдары ескерілген .
«Қазіргі кезде жүргізушілер сақтандыру полистерін сатып алады. Осы орайда заңға өзгертулер соңғы рет 2007 жылы болған. Жыл сайын полистің сомасы айлық есептік көрсеткіш көлеміне қарай өзгереді. Енді мақұлданған құжатқа сәйкес, жаңа өзгерістер ескерілген. Сақтандыру сомасы қандай талаптар бойынша қалыптасады? Біріншеден, көлік иесінің тұрғылықты аумағына байланысты болады. Нұр-Сұлтан қаласында жол-көлік оқиғалары мен сақтандыру жағдайлары көп кездеседі, ал Петропавл қаласында сирек болады. Сәйкесінше, полисті төлеу кезінде оның тарифінде елордадағы және Шымкенттегі ЖКО-ның көптігі ескеріледі. Яғни Солтүстік Қазақстан облысындағы жүргізушілер құны төмендеу сақтандыру полисін алады», - деді Дания Еспаева.
Сонымен қатар ол заң жобасы аясында жүргізушінің жолдағы тәртібі ескерілетінін айтты.
«Егер сіз жол ережесін өте сирек бұзатын болсаңыз, онда полисті алатын кезде бұл факті ескеріледі. Бұл тұрғыда жеңілдік беру үшін пайдаланылатын «бонус-малус» коэффициенттері қамтылады. Осы орайда алдағы уақытта сақтандыру полистерінің құны көлік иелері үшін төмендеуі күтілуде», - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылдан бастап Қазақстанда ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде Еурохаттама толтыру мүмкіндігі болады .