Қазақстанда журналистік зерттеу туралы фильм түсірілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан кинематографистері журналистік зерттеу жанрында детективті комедия түсірді. «Статья на двоих» фильмі 30 тамызда прокатқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бастапқыда бізге әдетте базарларда, автобуста қайыршыларға беретін 100 теңгенің қайда кететіні қызық болды. Осының «түбіне жетпек» болдық. Бірақ тәжірибем аздық еткен соң, көптеген сценаристермен, командамен жұмыс істеп, боевик, мелодрама элементтері бар осы көңілді, романтикалық фильмді түсірдік», - дейді продюсер Дастан Сейітов.

Фильм режиссері Дархан Саркеновтің айтуынша, о баста картина басқа жанрда болған.

«Сценарийдің бастапқы нұсқасы драма жанрында болды. Кейіннен қызықтырақ болуы үшін комедияның арнасына салып, love-story және экшн қостық. Оның қаншалықты сәтті шыққанына көрермен баға береді», - дейді режиссер.

Фильмнің бюджеті - 11 миллион теңге (шамамен 30 мың доллар). Бұл сомаға жарнама қызметтері кірмейді.