Қазақстанда жыл басынан 49 бала өз-өзіне қол салды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл басынан бері 49 бала өз өмірін қиды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бала - ата-ананың бар қазынасы. Бірақ көп жағдайда олардың қайда және кіммен жүргенін біле бермейміз. Балалар суициді - ешкімді бей-жай қалдырмайтын және қоғамда үлкен үрей тудыратын ерекше тақырып. Биылғы жылдың төрт айында 49 бала өз-өзіне қол салды. Өткен жылы олардың саны 64 болды. Статистика төмендеу қарқынын көрсетіп отырғанымен, бұл проблеманы шешпейді», - дейді ол.  

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, соңғы 6 жылда балалардың суициді 30% төмендеген. Психологтардың пайымынша, бұған әрбір жағдайда депрессия итермелейді.

Көптеген мемлекеттік органдар, соның ішінде Бас прокуратура суицидтердің алдын алу бағытында жұмыстар атқаруда.

«2017 жылы құқыққа қайшы келетін 1080 ақпарат анықталып, соның 170-і әлеуметтік желілерден табылды. Олар жеткіншектерді «өлім ойынына» шақырған», - деп жазды О. Лоскутова Фейсбук парақшасында.

Оның айтуынша, биылдың өзінде ғаламторда 6,5 мың, соның ішінде өзін-өзі өлтіруге үгіттеген 93 ақпарат жойылған. 

Бас прокуратура өкілі ата-аналарды психологиялық күйзеліске түспеуі үшін баланың мінез-құлқын үнемі бақылап отыруға шақырады.

«Біз, ересектер балалардың психологиясын түсінбеуіміз мүмкін. Дегенмен, мінез-құлқының өзгеруін байқап, көмек беру - біздің қолымызда», - деді ол.