Қазақстанда жыл сайын 14 мың адам обырдан көз жұмады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда қатерлік ісікке жыл сайын 36 мың адам шалдығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Диляра Қайдарованың дерегінше, жыл сайын елімізде 36 мың адам қатерлік ісікке шалдығады

Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 190 мыңнан астам қазақстандық тұр. Жыл сайын онкологиялық аурулардан шамамен 14 мың адам көз жұмады.
Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлері: сүт безі обыры, өкпе, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды обыр.
Қазақстанда онкологиялық көмекті жетілдіру ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және ҚР онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспардың міндеттерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
«Республикалық ұйымдарда қашықтықтан жоғары технологиялық сәулелік терапия (Томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT), интраоперациялық сәулелік терапия, ағзалар мен тіндердің биотрансплантациясы, аз инвазивті хирургия дамып, пациенттерге ұсынылады. Клиникалық практикада әртүрлі биологиялық маркерлерді (иммуногистохимия, молекулярлық-генетикалық зерттеулер) айқындау бойынша қызметтер ұсынылады, бұл онкологиялық науқастарды дербестендірілген емдеуді жүргізуге мүмкіндік береді және ҚІ молекулярлық-биологиялық ерекшеліктерін неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу бойынша мүмкіндіктерді кеңейтеді», - дейді ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» Акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.
Сонымен қатар, ол кешенді жоспарда Нұр-Сұлтан, Семей, Шымкент және Ақтөбе облыстарында қосымша ПЭТ-орталықтарын ашу жоспарда екенін атап өтті. 2021 жылдың сәуір айында Семей қаласында радиоизотопты диагностика мен радионуклидті терапияны қолдана отырып, Қазақстандағы алғашқы ядролық медицина орталығы ашылды. Онда радиойод терапиясы жүргізіледі.
«Қазақстанда жатыр мойны обырын, сүт безі қатерлі ісігін және тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша ұлттық скринингтік бағдарламалар жүргізіледі. Қазақстан азаматтарына онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ГОБМП) кіреді және мемлекеттік бюджеттен толығымен қамтылған»,- деді ол.
Қазақстан халқы үшін онкологиялық скринингтің 3 түрі тегін жүргізіледі:
1) сүт безі қатерлі ісігінің скринингі
2) жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі
3) колоректальды қатерлі ісік скринингі
«Жыл сайын 4 ақпанда халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасымен дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Біздің мақсатымыз - халықтың онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау туралы хабардарлығын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, қолжетімді скринингтік тексерулер туралы ақпараттандыру»,- деп түйіндеді сөзін Диляра Қайдарова.