Қазақстанда жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады-Н. Назарбаев

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Кеше Ақордада республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы туралы айтып берді.

Елбасы аталған бағдарламаға сәйкес, құрылыс саласына мемлекеттік қолдау көрсетудің бірнеше негізгі шаралары қарастырылғанын атап көрсетті. Бірінші шара - жергілікті атқарушы органдардан тұрғын үй құрылысы үшін тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесін пайдалана отырып, қосымша қаражат бөлу. "Бағдарламаның жүзеге асыру кезеңі барысында бұл бағыт бойынша шамамен барлығы 796 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Осы мақсатта Үкімет 127 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөледі", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, келесі шара коммерциялық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерді қаржыландыру. Бұл бағыт бойынша 70 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру көзделген және жыл сайын жалпы аумағы 2,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Президент тоқталып өткен үшінші шара - тұрғын аудандарының инженерлік коммуникациясы құрылысы үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлу. Бұл бағыт бойынша 134 миллиард теңге бөлінді және жыл сайын 3 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Осы тетік аясында серіктес қалалар Астана мен Алматының инженерлік инфрақұрылымын дамыту қарастырылған. Бұл мемлекеттік және коммерциялық тұрғын үйлердің уақтылы берілуіне мүмкіндік жасайды.

Төртінші шара - жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй құрылысы. Бағдарлама шеңберінде жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй құрылысы жалғасады. Бұл мақсат үшін 40 миллиард теңге қарастырылған және 680 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.

«Осы шаралардың барлығы тұрғын үй бағасының жосықсыз өсуіне, алыпсатарлық пен кезекті «көпіршіктің» пайда болуына жол бермеуге бағытталған және жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік туғызады», - деді Мемлекет басшысы.