Қазақстанда жыл сайын еңбек нарығында экономикалық белсенді адамдар артуда
12:44, 07 Қараша 2016
АСТАНА. ҚаАқпарат - Қазақстанда жыл сайын еңбек нарығында экономикалық белсенді тұрғындар саны артып келеді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, жыл сайын біздің еңбек нарығымызға 200-250 мың азаматтар жаңадан кіреді. Мәселен, 2010 жылы экономикалық белсенді санаттағы 8 млн. 600 мың адам болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 9 миллионға жетіп отыр. Яғни жыл сайын өсім бар. Атап айтқанда, әр жылда 200 мыңнан астам адам нарыққа кіргенін есепке ала отырып, жұмыссыздықтың деңгейін 450 мың шамасында ұстап келеміз. Сондықтан да біздің атқарған шараларымыз, біріншіден, жұмыссыздықтың деңгейін арттырмауға негізделген»,-деді министр.
Осы орайда ол елімізде жұмыссыздық деңгейінің бес пайыз шегінен аспауы бағдарламаның тиімділігінің арқасында болғанын атап өтті.