Қазақстанда жыл соңына дейін машина жасау саласының өндірістік көлемі 1 трлн. теңгеге жетпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл соңына дейін машина жасау саласының өндірістік көлемі 1 трлн теңгеге дейін өседі деп күтілуде.

Бұл туралы бүгін VII Астана экономикалық форумында Қазақстанның машина жасаушылары одағының төрағасы Мейрам Пішембаев мәлім етті.

«2010 жылы - Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама іске асырыла бастаған кезеңде Қазақстанда машина жасау саласы өндірісінің жалпы көлемі 220 млрд теңге болған еді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 857 млрд. теңгеге жеткен. Биыл едәуір өсім - 1 трлн. 100 млрд. теңге болады деп жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бұндай нәтижені елде өндірістердің көбеюімен түсіндіруге болады. Бұлар - локомотивтерді, жук вагондары, тікұшақтар, газ турбиналары, көлік, тракторлар шығару және басқа да өндірістер.

«Бұл қарқын бәсеңдемейді. ҮИИДБ-нің келесі бесжылдығында да осы бағыттан таймаймыз. Бұл бағдарламада 16 басым бағыт көрсетілген, соның ішінде алтауы машина жасау саласы бойынша», - деді М. Пішембаев.