Қазақстанда жылдың басынан бері заңсыз айналымнан 29 тоннадай есірткі алынды

БРЮССЕЛЬ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Ағымдағы жылдың 11 айында Қазақстанда заңсыз айналымнан 29 тоннаға жуық есірткі тәркіленген, оның 210 келісі- героин. Олардың құны «қара базардың» нарқы бойынша 3,2 миллиардтан астам теңгені құрап отыр.

Брюссельдегі НАТО-ның штаб-пәтерінде өткен Орталық Азия мемлекеттерінің есірткінің заңсыз айналымымен күрес саласындағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үйлестіру кездесуінде Қазақстанның ІІМ Есірткі бизнесімен күрес және есірткінің заңсыз айналымын бақылау комитетінің төрағасы Жанат Сүлейменов осындай мәліметтерді жария етті.

«Еліміздің құқық қорғау органдары 2010 жылдың 11 айында 8300-ден астам есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде, 2500 факті - есірткі сатумен, 22 факті - есірткі контрабандасымен байланысты. Ішкі істер органдарының есірткі бизнесімен күрес бөлімдері ағымдағы жылы сондай-ақ 9 ұйымдасқан қылмыстық топтың және есірткі трафигінің 108 арнасының көзін жойды», - деді Ж.Сүлейменов.

Оған қоса, комитет төрағасының айтуынша, 2008 жылы аса ауыр есірткі қылмыстары үшін санкциялар қатайтылғаннан кейін 100-ден астам қылмыскер - 12 мен 15 жылдың аралығындағы мерзімге, 9 адам - 20 жылдан жоғары мерзімге, бір наркодилер - өмір бойғы жазаға кесілген.