Қазақстанда жылына 2 мыңнан астам көлік өртенеді – ТЖМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 12 айында Қазақстанда автокөліктерде 2 216 өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш өрттерден келген шығын 618 млн теңгені құрады.

2021 жылдың қаңтар айында автомобиль көлігінде 210 өрт болды, оның шығыны 88 млн. теңгені құрады. 2020 жылдың ұқсас кезеңінде өрттер саны 2 есе артты (2020 ж. – 110), материалдық залал 5 есе өсті (2020 ж. - 15 млн.теңге).

Автокөліктегі өрттердің негізгі үлесі жеңіл көлікке тиесілі, атап айтқанда 187 жағдай немесе көліктегі өрттердің жалпы санының 89%-ын құрайды.

Өрттердің жалпы санының 15-20%-ын автокөлік құралдарындағы өрт құрайды және соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй секторындағы өрттерден кейін жиілігі бойынша тұрақты екінші орынды алады.

Көлік құралдарында өрттің пайда болуының негізгі себептері:

- автокөлік құралының электр жабдығын орнату және пайдалану қағидаларын бұзу;

- мотор бөліктерін жанғыш материалдармен жылыту, аталмыш материалдарды радиаторлар алдындағы кеңістікке орнату;

- қолдан жасалған газ жабдығын орнату;

- от жағу кезіндегі салақтық;

- отын жүйесінің, қозғалтқышты майлау жүйелерінің ақауы;

- электр жүйесінің ақауы;

-ашық отты қолдана отырып, автомобильдерді жөндеу жұмыстарын жүргізу;

- қозғалтқыштарды қаупсіздік шараларын қолданбастан отпен жылыту;

- қасақана өртеу.