Қазақстанда жылына 350 млн. ампула шығаратын фармацевтикалық зауыт іске қосылмақ

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда жылына 350 млн. ампула шығаратын фармацевтикалық зауыт іске қосылады.

Бұл туралы бүгін Астанада GMP бойынша "Фармацевтикадағы тиiстi өндiрiстiк тәжiрибе - сапаның жоғары стандарттарына жол" атты I Халықаралық конференция барысында "ФармМедИндустрия" қауымдастығының президентi Серiк Сұлтанов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта елдегі барлық ірі фармацевтикалық компаниялар жаңа зауыттар салуда. Бүгін GMP сертификатын алған «Santo Member of Polpharma Group» (АО Химфарм) компаниясы ағымдағы жылдың соңында жаңа ампула шығаратын зауытты іске қосады. Аталмыш зауыт жылына 350 млн. дана ампула жасайтын болады. Мұндай ауқымда бұрынғы КСРО елдерінде зауыт жоқ», - деді С.Сұлтанов.

Оның хабарлауынша, бұл зауыт әлемде ең беделді GMP стандарттарына сәйкес салынуда.