Қазақстанда зиянды генетикалық модификацияланған өнімдерден сақтандыратын заң қажет - дөңгелек үстел отырысы

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанда зиянды генетикалық модификацияланған өнімдерден сақтандыратын заң қажет. Бұл   бүгінгі қоғамда өзекті болып отырған мәселелердің бірі.

Бүгін «Назарбаев университетінде» «Гендік-инженерлік қызметті реттеу туралы» заң жобасына байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева осылай деді. 

Оның сөзіне қарағанда, 1996 жылы генетикалық модификацияланған өнімдер өндіріле бастағаннан кейін елімізде түрлі ауру-сырқаулар пайда болды. Ал АҚШ-та 3 немесе одан да көп созылмалы сырқатқа шалдыққандар небәрі 9 жылда 7 пайыздан 15 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар, аутизм, репродуктивті ауытқулар, асқорытумен байланысты проблемалар сияқты азық-түлік өнімдерінен болатын аллергиялар күрт өсті. 

«Біздің елімізге соңғы жылдары құрамында гендік модификацияланған өнімдері бар азық-түлік пен тағам өнімдері келе бастады және бұл үдеріс уақыт өткен сайын үдеп келеді. Ал еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін бұл үдеріс тіптен арта түседі. Сондықтан да еліміздің заңнамаларында гендік модификацияланған өнімдерді олардың қауіпсіз екені расталғаннан кейін ғана айналымға жіберуге болатыны жөнінде бірқатар талаптардың бар екендігіне қарамастан, мұндай өнімдер елімізде толық бақыланбайды. Жалпы біздің заңдарымызда генді модификацияланған өнімдердің айналымын бақылайтын тиімді тетіктер жоқтың қасы. Сондықтан бізге мұндай заң қазір аса қажет. Мұндай заңдар болуы керек және ол тұтынушының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бір жағынан гендік-инженерлік қызметті жетілдіруге ықпал ете алуы тиіс», - деді депутат. 

Оның пікірінше, елде генетикалық модификацияланған өнімдердің қауіпсіздігін тәуелсіз сараптайтын, олардың арнайы белгімен мөрленіп, осы бағыттағы заң талаптарының қатаң түрде орындалуын, азық-түлік нарығындағы айналымын бақылауды қамтамасыз ететін тетіктер қажет.  

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар осы мәселе төңірегінде өзара пікір алмасты.