Қазақстанда зымыранды-артиллериялық корабль құрылады

А. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Елімізде зымыранды-артиллериялық корабль құрылады. Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде өткен алқа мәжілісі барысында Қорғаныс министрлігі Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы, 1-ші рангалы капитан Жандарбек Жанұзақов осылай мәлім етті,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әскери-теңіз күштері еліміздегі Қорғаныс күштерінің ең жас түрі болып табылады. Осы саланы дамыту ҚР Жоғары Бас қолбасшы, ҚР Президентінің тікелей нұсқауларымен жүзеге асып отыр. Былтырғы жылы әскери-теңіз күштерінде бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Атап айтқанда, 2025 жылға дейінгі саланы стратегиялық және сатылап дамытуға бағытталған тұжырымдама мақұлданды. Сонымен бірге, биыл біз жаңа зымыранды-артиллериялық корабль құрылысы бойынша келісімшартқа отырып, оған қажетті қаражат бөлініп отыр. Бұл корабль отандық кәсіпорында - Оралдың «Зенит» зауытында құрылады», деді Ж. Жанұзақов. Оның айтуынша, 2010 жылдың негізгі міндеттері батыс стратегиялық бағыты бойынша әртүрлі корабль бригадаларын жасақтау, әскери-теңіз күштерінің жағалаудағы қажетті инфрақұрылымын құру, корабль экипаждарының одан әрі оқу-жаттығу шараларын жетілдіре түсу болып табылады.

«Биылғы жылы әскери-теңіз күштерінің құрамы Қазақстанның, Ресейдің, Пәкістанның, Германия мен Түркияның әскери-теңіз училищелерін бітірген  түлектерімен толыға түседі», деді Ж. Жанұзақов.