Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке қанша маман керек және олар қалай даярланады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан АЭС-ті толықтай отандық мамандармен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Василий Лавренов JJ Studio-ға берген сұхбатында мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Еліміз алғашқы АЭС-ті салуға дайындықтың белсенді кезеңінде.

Василий Лавреновтың сөзінше, әңгіме бір жоба жөнінде болып отырған жоқ. Бірден бірнеше АЭС-ті дамыту қарастырылып жатыр. Бүгінде Балқаштағы алғашқы АЭС бойынша бас мердігермен келіссөздер басталып кеткен. Тараптар жуырда келісімшарт құжаттарына қол қоймақ.

Мемлекет кадрлық базаны да қазірден жасақтап жатыр. Агенттіктің маман даярлау бойынша кешенді жоспары бар. Ол құрылыс жұмыстары басталғанға дейін-ақ іске асырыла бастайды. Соның арқасында жобаның әр сатысында мамандар қажетті дүниелерді оқып үйреніп отырады да, кейін кадр тапшылығы мәселесі туындамайды.

Спикердің айтуынша, жоба қарқынды жүзеге асқан сайын барынша көбірек маман керек болады. Құрылыстың бірінші жылы 2 мың адам жұмылдырылса, ал екінші жылы 5,5 мың кісі жұмыс істейді. 4-5-ші жылдарда 10 мың жұмысшы қажет болады. Ал станция пайдалануға берілген соң, тұрақты штат саны 1800 адам болмақ.

Жаңа салада жергілікті мамандарға басымдық беріледі

Жобадағы басты артықшылық – отандық мамандар тартылады. АЭС іске қосылғаннан кейін, оның жұмысын жүргізетін кадрлар толықтай Қазақстан азаматтары болмақ. Сол себепті, билік мердігерлермен келісімшарт жасасқанда, қазақстандықтарды оқыту жайлы міндеттемені қосады.

– АЭС жұмысын жүргізетін мамандарды оқытып, үйретуге мердігер міндетті болады. Станцияда жүз пайыз дерлік Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, – деді спикер.

Мамандар тек теориялық тұрғыда даярланбай, шетелдердегі атом объектілерінде де тәжірибеден өтеді. Сол арқылы еліміздегі АЭС-ті іске қосуға машықтанады.

Агенттік бұл жобаға бір АЭС-ті салудан гөрі анағұрлым кең ауқымда қарайды. Атом энергетикасының толық кластері қалыптастырылмақ. Сонымен бірге, ядролық инженерлер, қауіпсіздік бойынша сарапшылар, жаңа деңгейдегі энергетиктер т.б. қажетті мамандар даярланады.

– Біз кадр даярлау бойынша жүйелі әрі ұзақ мерзімді іс-шараларды қарастырдық. Бұл станцияға белгілі бір жұмысшыларды даярлап беру деген сөз емес, атом энергетикасында жаңа кластер құруды жоспарлап отырмыз. Демек, мамандардың жаңа буыны қалыптасуы тиіс, – Василий Лавренов.

Кадр даярлауға қазірдің өзінде ең үздік қазақстандық ЖОО-лар тартылған. Сонымен қатар, халықаралық білім беру бағдарламалары, соның ішінде «Болашақ» та аталған жоспарға енгізілді. Құрылыс 10 жылға созылатындықтан, оқыту да кезең-кезеңімен жүзеге асады. Сонда мамандар нағыз керек кезде дайын болып отырады.

АЭС бизнесті қозғаушы драйвер

Атом электр станциясы деңгейіндегі ірі инфрақұрылымдық жоба әрдайым аймақ экономикасын дамытады. Василий Лавреновтың мәлімдеуінше, болашақ станцияның айналасында қызмет көрсету мен өндіріске зор сұраныс пайда болып, шағын және орта бизнестің өркендеуіне ықпал етеді, яғни логистикадан бастап қызмет көрсету секторына дейін бағыттас салалардың тұтас экожүйесі пайда болады.

– Мұндай ірі жоба әрқашан көптеген сұранысты туғызады, соның арқасында құрылыс аймақтарында шағын және орта бизнес (логистика, көлік, қонақүй т.б. қызмет түрлері) қарыштайды, – деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, жоба жаңа құрылыс және инженерлік кластерлердің пайда болуына жағдай жасайды. Ал бизнес өндірісті кеңейтіп, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға мүмкіндік алады. Құрылыстың ұзақ мерзімді циклі салынған қаржының өзін ақтауына әсер етеді.

Локализация және қазақстандық компаниялар үшін артықшылықтар

АЭС құрылысында жергілікті өнімдерді және жергілікті кәсіпкерлердің қызметін пайдалану бойынша тәсілдер Үкімет деңгейінде бекітіліп қойған.

– Даму мен локализацияның кешенді жоспарын Үкімет бекітті. Онда қазақстандық өнімдер мен қызметтерді қолдануды барынша арттыруға әсер ететін іс-шаралар қамтылған, – деді Василий Лавренов.

Бизнеспен жұмыс «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салалық қауымдастықтар арқылы жүргізіліп жатыр. Жуырда мамандандырылған форумдар өткізу жоспарланып отыр. Онда кәсіпкерлер жобаның мердігерлерімен және тапсырыс берушілермен тікелей байланыс орната алады.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Шетелдік компаниялармен бірлескен өндіріс ошақтарын құру да жіті назарда. Бұл ретте, жергілікті өндірушілер мен салық төлеушілерге басымдық беріледі.

– Бірлескен өндіріс орындарын ашуды ынталандыру іс-шаралары жоспарға енгізілген. Жергілікті өндірушілер мен салық төлеушілер артықшылықтарға ие болады. Қазір бизнестен талап етілетін шарттарды нақтылау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмысты жыл сайын жандандырып отырамыз. Өйткені, бизнестен үлкен сұраныс, зор қызығушылық байқалады, – деді спикер.

Атқарылуы тиіс міндеттердің ауқымдылығына қарамастан, агенттік мамандары олардың жүзеге асатынына сенімді. Қазірдің өзінде мұнай-газ және басқа да секторлардағы локализацияны дамыту бойынша Қазақстанның тәжірибесі бар. Дегенмен, АЭС-тің жөні басқа, талабы биік. Агенттік өкілдерінің пікірінше, мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы жобаны сәтті іске асырып қана қоймай, атом энергетикасы төңірегінде тұрақты өндірістік негізді қалыптастырады.

Айта кетейік, бұған дейін АЭС пен көлік жобаларының қауіпсіздігіне қатысты жаңа міндеттер жүктелгенін жазғанбыз.