Қазақстандағы алтын бағасы қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы алтын бағасы граммына шамамен 57 888 теңге мөлшерінде, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қазақстан Ұлттық банкінің деректері бойынша, 21 тамызда граммының құны 57 888,24 теңге болды.
Өткен бейсенбі, 14 тамызда, бағалы металлдың құны шамамен 58 149 теңге еді.
Бұған дейін біз әртүрлі елдердің алтын қорларын неге АҚШ-та сақтайтыны туралы жазған едік.
Дүниежүзілік алтын кеңесі (World Gold Council) Қазақстанның алтын қоры 7,4 тоннаға артқанын хабарлады. Осылайша, елдің резервіндегі жалпы алтын көлемі 298 тоннадан асты. Халықаралық валюта қоры мен Еуропалық орталық банк есепке алынбаса, алтын қорлары бойынша Қазақстан 18-орында тұр.
Еске салсақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі елдің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілу мерзімдері туралы жаңартылған деректерді жариялаған болатын. Соңғы мәліметтерге сәйкес, ағымдағы өндіру көлемін ескерсек, Қазақстандағы алтын қоры 30 жылға жетеді.
Астанада банктік алтын құйма қалай құйылатыны туралы осы жерде оқыңыз.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда 2025 жылдың бірінші тоқсанында мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдары болжамды ресурстары бар 38 перспективалық учаске анықталды.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында алтынға жалпы сұраныс жылдық есеппен 1% өсіп, 1 206 тоннаға жетті — бұл 2016 жылдан бергі ең жоғары бірінші тоқсан көрсеткіші.
Орталық банктер бірінші тоқсанда 244 тонна алтын сатып алды — бұл алдыңғы тоқсанға қарағанда азырақ.
Сондай-ақ, алтын зергерлік бұйымдарға сұраныс рекордтық бағалар аясында күрт төмендеді: көлемі 2020 жылдан бергі ең төмен деңгейге жетті. Өз кезегінде, құндық мәнде алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарға тұтынушылық шығындар жылдық есеппен 9% өсіп, 35 миллиард долларға жетті.
Қазақстанда, Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылы алтын бұйымдарының бағасы 8,3% өсті.