Қазақстанда алтын бағасы төмендеді: соңғы бағам қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алтынның граммы 54 862 теңге болды, деп хабарлады Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 10 шілдеде алтынның бір граммы 54 862,01 теңге болады.
Өткен бейсенбіде, 3 шілдеде, қымбат металдың бағасы шамамен 55 639 теңге болған.
Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылдың I тоқсанында Қазақстанда мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдарының болашағы зор 38 учаске анықталған.
Еске салайық, Қазақстан алтын қоры бойынша әлемнің ТОП-20 елі қатарына кірді. Соңғы 10 жылда елде алтын құрамдас кенді өндіру көлемі 2,2 есе артқан.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында алтынға жалпы сұраныс жылдық есепте 1%-ға өсіп, 1 206 тоннаны құрады — бұл 2016 жылдан бергі бірінші тоқсан үшін ең жоғары көрсеткіш.
Орталық банктер 2025 жылдың бірінші тоқсанында 244 тонна алтын сатып алған — бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда аз.
Сонымен қатар, рекордтық баға аясында алтын әшекейлеріне деген сұраныс күрт төмендеген: көлем жағынан 2020 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскен.
Дегенмен, ақшаға шаққанда алтыннан жасалған әшекейлерге тұтынушылық шығын жылдық есепте 9%-ға өсіп, $35 млрд-қа жетті.
Қазақстанда Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылы алтын бұйымдарының бағасы 8,3%-ға қымбаттаған.