Әзербайжан мен Грузия Поти мен Баку арасында қатынайтын контейнерлік пойызды іске қосты

Фото: Әзербайжан темір жолдары

АСТАНА. KAZINFORM – Поти мен Баку арасына арнайы контейнерлік блок-пойыз жіберілді. Ол Каспий мен Қара теңіз арасындағы жүк транзитін жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартады.

Бұл туралы «Грузия темір жолы» мен «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ мәлімдеді деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Поти – Баку бағыты бойынша жүретін жоғары жылдамдықты блок-пойызды іске қосу рәсімі Грузияның Поти портында өтті. Іс-шараға ӘТЖ мен «Грузия темір жолдары» компанияларының басшылығы қатысты.

Теміржол компаниялары жаңа экспресс-қызмет тұрақты кесте бойынша жұмыс істейтінін және Поти портынан Бакуге контейнерлерді жеткізуді, сондай-ақ бос контейнерлерді кері қайтаруды қамтамасыз ететінін атап өтті.

-Қозғалыстың бекітілген кестесі мен алдын ала белгіленген тарифтер жүк иелеріне логистиканы анағұрлым дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл жоба экономикалық тұрғыдан тиімді болып, компания табысының өсуіне ықпал етеді, — деді «Грузия темір жолы» АҚ бас директоры Лаша Абашидзе.

Блок-пойыз жүк иелеріне жеткізу мерзімін едәуір қысқартып, жүктер мен бос контейнерлерді терминалдарда сақтау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Жоғары жылдамдықты сервисті енгізу контейнерлердің Поти мен Баку арасында кідіріссіз, белгіленген мерзімде жеткізілуін қамтамасыз етеді.

Блок-пойыздың бағыты Батуми – Поти – Тбилиси – Апшерон – Сумгайыт – Алят желісі арқылы өтеді. Осылайша, Қара теңіз порттары Әзербайжанның порттары мен логистикалық терминалдарымен тікелей байланысады. Жоба аясында жүк иелеріне «терминалдан есікке дейін» қағидаты бойынша жеңілдетілген қызмет ұсынылады.

Аталған бастама Орта дәліз шеңберінде контейнерлік тасымалдардың тиімділігін арттыруды көздейді және халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін кеңейтудегі кезекті қадам ретінде қарастырылады.

Осыған дейін Азия даму банкі Грузия қатысатын мультимодальды дәліздерді дамытуға басымдық беретіні туралы жаздық.