Қазақстандағы блэкауттың себебін арнайы комиссия тексереді — KEGOC АҚ

АСТАНА. KAZINFORM – 14 тамызда Қазақстанның бірнеше өңірінде технологиялық ақауға байланысты электр қуаты үзілген еді. Соңғы мәліметке сай, елде электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Бұл туралы KEGOC АҚ хабарлады.

Коллаж: Kazinform / ИИ

Компанияның мәліметінше, 14 тамызда сағат 14:37-де Қырғызстандағы Тоқтағұл су электр станциясының екі гидрогенераторы ажыратылды. Бұл жағдай Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі «Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік» транзитіне әсер етті. Транзитке шамадан тыс жүктеме түскен. Соның салдарынан Қазақстанның Оңтүстік аймағы энергетикалық жүйеден ажыратылған.

Электр қуаты Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында үзілді. Сондай-ақ Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстары да жарықсыз қалған.

KEGOC АҚ мәліметінше, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында электр қуаты сағат 14:47-де қалпына келді.

Алматы мен Жетісу облыстарында жарық сағат 16:26-да берілді. Ал Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында электрмен жабдықтау сағат 16:34-те қайта іске қосылды.

Ақау салдарынан Қазақстанның Оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесі оқшауланған режимге көшті. KEGOC-тің алдын ала мәліметінше, бұған Орталық Азия энергетикалық жүйесінен келген қуаттың күрт артуы себеп болған.

Компанияның ресми ақпаратына сай, технологиялық ақаудың нақты себебін арнайы комиссия анықтайды.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі жағдайдың бақылауда екенін хабарлаған еді.