Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы: онлайн сауда өсіп келеді

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы Қазақстанда электрондық сауда нарығы 3,1 трлн теңгеден асты. Оның 85 пайызға жуығы маркетплейстер үлесіне тиесілі, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Ресми деректерге сүйеніп, сандарға көз жүгіртсек. Аталған көрсеткіштің 84,9 пайызы немесе 2679,8 млрд теңгесі электрондық сауда платформалары (маркетплейстер) арқылы жүзеге асқан. Ал 15,1 пайызы, яғни 476,5 млрд теңгесі — тауарларды меншікті интернет-ресурстар арқылы сатқан бөлшек сауда кәсіпорындарының үлесінде.
Соның ішінде 2024 жылы электрондық коммерция платформасын пайдаланатын кәсіпорындардың үлесі 82,5 пайызды құрады. Тауарлар мен қызметтерді меншікті интернет-ресурстар арқылы сататын кәсіпорындар — 26,8 пайыз, ал осы көрсетілген екеуін қатар пайдаланатындар — 9,3 пайыз екені жазылған.

Сондай-ақ электрондық коммерция саласындағы қызметтер көлемі 2024 жылы 2443,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде маркетплейстер арқылы көрсетілген қызметтер көлемі — 2065,2 млрд теңге (84,5 пайыз), меншікті интернет-ресурстар арқылы — 378,2 млрд теңге (15,5 пайыз).

Басты тауарлар мен қызмет түрлері

Маркетплейстер арқылы бөлшек саудада өткізілген тауарлардың негізгі бөлігін телефондар мен гаджеттер — 27,4 пайыз, одан кейін тұрмыстық техника — 13,3 пайыз, киім-кешек, аяқ киім, спорттық тауарлар — 10,3 пайыз және компьютерлік техника мен бағдарламалық жасақтама — 5,7 пайызды құрады.

Ал, меншікті интернет-ресурстар арқылы бөлшек саудада ең көп сатылған тауарлардің көбі косметика мен парфюмерия — 22,4 пайыз, екінші орында тұрмыстық техника — 13,4 пайыз. Сонымен қатар тізімде дәрілік заттар — 11,8 пайыз, телефондар мен гаджеттер — 10,1 пайыз, зергерлік бұйымдар — 8,7 пайыз, азық-түлік өнімдері — 8,3 пайыз бар.

Құжатта бөлшек электрондық сауданың ең үлкен үлесі орташа кәсіпорындарға тиесілі — 79 пайыз, одан кейін шағын — 17,1 пайыз және ірі кәсіпорындар — 3,9 пайыз екені жазылған.

Маркетплейс арқылы тауарлар бойынша орташа бағамы 17 572 теңге, қызметтер бойынша — 3 274 теңге болса, меншікті интернет-ресурс арқылы бұл көрсеткіш сәйкесінше 39 179 және 15 243 теңгені құрады.

Ұлттық статистика бюросы маркетплейс ұстаушылары бойынша зерттеу жасап, иеленушілердің негізгі бөлігі компьютерлік бағдарламалау — 26,8 пайыз, одан кейін деректерді өңдеу және қосымшаларды орналастыру — 19,5 пайыз салаларында екенін анықтаған. Оған қоса интернет арқылы бөлшек сауда — 12,2 пайыз, басқа да IT-қызметтер — 12,2 пайыз екенін атап өткен.

Көрсетілген қызметтер көлемінің ең көп үлесі жүк (29,5 пайыз) және жолаушылар (29,4 пайыз) тасымалы, көлік орындарын брондау — 25 пайыз. Бұл қызметтердің 56,3 пайызы шағын кәсіпорындар (100 адамға дейінгі қызметкерлері бар), ал 43,7 пайызы орта кәсіпорындар арқылы ұсынылған.

Меншікті интернет-ресурстар арқылы көрсетілген қызметтерде билеттер мен көлік орындарын брондау — 30,5 пайыз, жолаушылар тасымалы — 23,9 пайыз, өзге де қызметтер — 18,6 пайыз құрады. Бұл сегментте шағын кәсіпорындардың үлесі — 54,5 пайыз, орта — 28,4 пайыз, ірі кәсіпорындар — 17,1 пайыз.

Қазақстандықтар тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасау кезінде көбіне дебеттік карта немесе банк аударымын — 32,2 пайыз, интернет арқылы несие картасын — 23,7 пайыз, қолма-қол төлемді — 22,8 пайыз, онлайн төлемдерді — 13,7 пайыз таңдайды. Сондай-ақ тауарды сатып алушыға тікелей жеткізу (пошта немесе курьер арқылы) — 45,8 пайыз, өздігінен алып кету — 34 пайыз, веб-сайттан немесе қосымшадан онлайн жүктеу — 20,2 пайызды құрады.

Айте кетейік, бұған дейін Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда көлемі азайғаны жайлы жазғанбыз.