Қазақстандағы ең арзан және қымбат қазы қайда сатылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазы — қазақ дастарқанынан ерекше орын алатын ұлттық тағамның бірі. Алайда оның бағасы еліміздің әр өңірінде әр түрлі. Kazinform тілшілері Қазақстанның 20 қаласындағы сауда орындарындағы бағаға шолу жасап, қазыны қай аймақта тиімдірек сатып алуға болатынын анықтады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Петропавл базарларындағы қазының бір келісінің бағасы 4 000 теңгеден басталады. Ол ең алдымен еттің майлылығына байланысты. Ал мамандандырылған дүкендерде өнімнің келісі 5 000 теңгеден сатылады. Ысталған қазының орташа бағасы — 7 000 теңге.

Қазының ең қолжетімді бағаларының бірі Түркістанда тіркелген. Мұнда деликатестің бір келісі 4 200-4 300 теңге тұрады. Ал Жезқазғанда оның бағасы сәл жоғары — 4 300 теңге.

Қарағанды мен Қызылордада қазының бір келісі шамамен 4 500 теңгеден саудаланады.

Осындай баға Қонаев қаласында да байқалып отыр. Мұнда қазының келісі 4 500 теңге тұрады. Кептірілген түрі — 5 000 теңге, ал ысталған қазының бағасы 9 000 теңгеге дейін жетеді.

Алматыда қазының бір келісі 4 500-4 700 теңгеден басталады. Ал ысталған өнім әлдеқайда қымбат. Оның бағасы 6 700 теңгеден басталып, 11 мың теңгеге дейін барады.

Инфографика: Kazinform

Шымкентте соғымға арналған қазының бір келісін 2 850 теңгеден сатып алуға болады. Ал кәдімгі қазының бағасы 4 560 теңгеден 8 900 теңгеге дейін жетеді. Дайын пісіріліп, ысталған өнімнің құны бұдан да жоғары. Мәселен, салмағы 400 грамм болатын бір қаптамасы 7 750 теңге тұрады, яғни бір келісінің бағасы 19 375 теңгеге шығады.

Таразда қазыны даналап та, салмағына қарай да сатып алуға болады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бағасы 3 500 теңгеден басталатын қазының сапасы қымбатырақ өнімдерден төмендеу. Ал 4 500 теңгеге салмағы шамамен 600 грамм қазы алуға болады. Халық арасында бағасы 5 000 теңге, салмағы 800 грамм шамасындағы өнімдерге сұраныс көп. Сондай-ақ бір данасы 6 000-7 000 теңгеден сатылатын қазы түрлері де бар. Алайда оларға сұраныс аздау. Ал салмағына қарай сатып алғанда сапалы қазының бір келісі шамамен 5 000 теңгеден келеді.

Оралда және Көкшетауда қазының бір келісі 5 000 теңгеден басталады. Атырауда да баға осы шамалас. Қаладағы ет дүкендерінің басым бөлігінде қазының бір келісі шамамен 5 000 теңгеден сатылады.

Павлодарда қазының бағасы 5 000 теңгеден басталып, 7 000 теңгеге дейін жетеді.

Өскеменде және Семейде ұлттық деликатестің бағасы шамалас. Екі қалада да қазының бір келісі 5 000-5 500 теңге аралығында сатылады.

Астанада шикі қазының бір келісін шамамен 5 000 теңгеге сатып алуға болады. Ал дайын пісірілген немесе ысталған өнімнің бағасы әлдеқайда жоғары — шамамен 13 000 теңге.

Қостанайда кәдімгі қазының бір келісі майлылығына қарай 5 000-9 000 теңге аралығында саудаланады. Ал ысталған қазының бағасы — шамамен 11 мың теңге.

Талдықорғанда да 5 000 теңгеге қазы табуға болады. Дегенмен кейбір сауда орындарында оның бір келісі 7 000 теңгеден жоғары бағаға ұсынылады.

Ақтөбеде қазының бір келісі 5 500-5 600 теңге тұрады.

Ал қазының бастапқы бағасы ең жоғары қалалардың бірі — Ақтау. Мұнда ұлттық деликатестің бір келісі 6 000-6 500 теңгеден сатылады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Осылайша, Қазақстан қалаларының басым бөлігінде кәдімгі қазының бір келісі 4 500-5 500 теңге аралығында екен. Оның бағасы өңірге ғана емес, еттің сапасы мен майлылығына, дайындалу тәсіліне де байланысты. Ал дайын ысталған және пісіріліп ысталған қазының құны едәуір жоғары. Кейбір сауда орындарында бір келісінің бағасы 13 мың теңгеден асады.

Еске салайық, бұған дейін әр өңірдегі соғым бағасы туралы жазған едік.