Қазақстандағы ең көне мемлекеттік архивтің ашылғанына 105 жыл толды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Қазақстандағы ең көне мемлекеттік архив Семей қаласында орналасқан. Дәл бүгін сол архивтің ашылғанына 105 жыл толып отыр.
1920 жылы 29 наурызда губерниялық революциялық комитет «өлке тарихы бойынша ең құнды құжаттарды жинау және сақтау үшін губерниялық архив қорын құру» туралы шешім қабылдаған. Сөйтіп, қазіргі Абай облысының мемлекеттік архиві ашылды. Оның тарихын білу үшін Kazinform тілшісі архивтің ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қадырова әңгімеге тартты.
— Губерниялық архив қорының бірінші меңгерушісі Николай Коншин болды. Ярославль заң лицейі мен Мәскеу университетінде білім алған өлкетанушы мұрағаттық құжаттармен көп жұмыс істеді. Ол архив жұмысына өңір тарихын жақсы білетін басқа да өлкетанушыларды тартты. Әуелде штатта барлығы 4 адам жұмыс істеген. 1920 жылдың 1 сәуірінен бастап олар революцияға дейінгі кезеңдегі мекемелердің шашыраңқы және иесіз мұрағаттарын жинай бастады, — дейді ол.
Азаматтық соғыс архив ісіне алапат зиян келтірген. Соның салдарынан талай маңызды құжат отын тапшылығынан жағылып кетті.
— 1923 жылы мамырда архив басқармасы губерниялық атқару Комитеті президиумының хатшылығы жанындағы губерниялық архив бюросына айналды. Архивтің қарамағында облыстың әкімшілік мекемелерінің істерін сақтайтын бұрынғы Семей облыстық басқармасының архиві, казак станицасы мен полицияның бұрынғы қалалық және мещандық басқармаларының құжаттары шоғырланған архив, прокурорлық қадағалаудың бұрынғы Семей аудандық сотының, уездік және бейбітшілік судьяларының архиві болды. 1925 жылы губерниялық архив 12 қормен толықтырылды, оның 9-ы революцияға дейінгі және 3-і революциядан кейінгі, — дейді Лаура Қадырова.
Қазіргі Абай облысының мемлекеттік архиві Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды өңірлерінің мемлекеттік архивтерін құруға, олардың тарихына қатысты көптеген қорды жинақтауға негіз болған. Архивте сақталған құжаттарда Семей тарихының барлық кезеңі — социализмнің қалыптасуы, посткеңестік кезеңдегі экономика, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының қалай өзгеріп отырғандығы тайға таңба басқандай көрсетілген. 1992 жылы архив қоры бұрынғы партия мұрағатының 191 130 құжатымен толықты.
Архивтен алашордалықтарға қатысты талай дүние табылған. Лаура Қадырова да бұл тұрғыда қара жаяу емес. Тарихтың қатпар-қатпар беттерін парақтап, Шәкәрімнің үшінші суретін, Әлихан Бөкейханның өз қолымен жазған өтінішін тапқан. 2017 жылы қалың құжаттың ішінен Алаш партиясына мүше болған 9 адамның тізімі шықты. Оған дейін көпшілік партияда кімдер болғанын нақты біле алмай жүрген. Осыдан кейін барлығы белгілі болды.
— Қазіргі уақытта бізде 657 201 құжат, 8616 фотоқұжат, 229 видео, 1212 киноқұжат, 2377 ғылыми-техникалық құжаттама сақталып тұр. Архивте жұмыс істейтін әрбір қызметкер үнемі ізденісте жүреді. Біздің жұмыс инемен құдық қазғандай. Алда әлі де жағымды жаңалықтар болады деген үміттеміз, — дейді Абай облысы мемлекеттік архиві ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Семейде 110 жыл бұрын еуропалық үлгідегі тұңғыш театрландырылған қойылым сахналанғаны хабарланған.