Қазақстандағы еңбек күшінің шығыны Қытайға қарағанда тиімдірек — қытайлық кәсіпкер

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

AСТАНА. KAZINFORM - Елордада Қазақстан - Қытай инвестициялық ынтымақтастық форумы өтті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Қытайдың Шэньчжэнь қаласы Сауда басқармасы бірлесе ұйымдастырған форумда қос тараптың бизнес пен мемлекеттік құрылымдарының өкілдері екіжақты инвестициялық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылады. Осы сапар аясында Қытай кәсіпкерлері делегациясының мүшесі Фэн Сюэхуэй Kazinform тілшісіне сұхбат берді. Айтуынша, Қазақстан саяси және экономикалық тұрақтылығының, сондай-ақ кеңейіп келе жатқан нарықтық әлеуетінің арқасында қытайлық кәсіпорындардың назарын барған сайын көбірек аударып отыр.

— Қазақстанға келген Қытай кәсіпорындарының өкілдері қай салаларға қызығып отыр?

— Біз негізінен тұтынушылық электроника саласына басымдық беріп отырмыз. Бұл — Қытайда жақсы меңгерген әрі тәжірибеміз мол бағыттардың бірі. Сол себепті қазіргі таңда біздің назарымыз көбірек осы секторда. Дегенмен, Орталық Азия нарығы ауқымды. Ал осы өңір елдерінің ішінде Қазақстан экономикалық әрі саяси тұрғыдан ерекше көзге түседі. Бұл біздің шетелдік инвестицияға деген мүддемізбен толық үйлеседі.

Әрине, нарық кең, орта тұрақты болса, тек электроника ғана емес, өзге де салалар бойынша жобаларды қолға алуға болады.

— Қазақстан туралы әсеріңіз қалай?

— Шын мәнінде, бұл — менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Алғашқы әсерім өте жақсы болды. Кеше ғана келіп, бүгін таңертең қонақ үй маңын аралап көрдім. Астана өркениетті қала екендігі бірден сезілді. Мәселен, жол қозғалысында жаяу жүргіншілерге басымдық беру мәдениеті Шэньчжэньнен кем түспейді.

Тереңірек айтар болсам, мұндағы еңбек күші шығыны Қытайға қарағанда тиімдірек. Сондай-ақ нарық көлемі де зор. Индустрияландыру мен инфрақұрылым саласында көптеген мүмкіндік бар. Бұл — кәсіпорындар үшін зор артықшылық.

— Демек, мұнда сіздердің жұмыстарыңыз үшін барлық қажетті шарттар бар ғой?

— Шын мәнінде, біз үшін ең бастысы — саяси және құқықтық тұрақтылық. Ерекше жеңілдіктерден бұрын бізге қажеті — уәденің орындалуы. Қандай жағдай болмасын, қабылданған саясаттың ұзақмерзімді әрі тұрақты түрде жүзеге асқаны маңызды. Бұл — бизнеске берілетін ең үлкен кепіл. Әрине, егер қосымша жеңілдіктер ұсынылса, ол бастапқы кезеңдегі инвестициялық ауыртпалықты азайтады. Бірақ жалпы алғанда, біз үшін ең бағалысы — ашық, тұрақты және болжамды бизнес орта.

— Астанада өтіп жатқан Қазақстан — Қытай инвестициялық ынтымақтастық форумынан қандай нәтижелер күтесіз?

— Біз Орталық Азия нарығына көбірек шығуды көздеп жүрміз. Кейбір өнімдеріміз бұл аймаққа кірді, бірақ әлі де жұмысты жетілдіре түсуіміз қажет. Бұл жолғы сапарымыздың мақсаты — тек өз компаниямыз үшін ғана емес, сонымен қатар бізбен байланысты жоғары және төменгі буындағы серіктестер үшін де жағдай жасау.

Келешекте олар Қазақстанға келген кезде біздің тәжірибемізге сүйене алады. Бұл қадам бізге Орталық Азияға нық орнығуға, әрі қарай Еуропа мен әлемге шығуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы еңбек күші мен өндірістік шығындардың қолайлылығы, сондай-ақ логистикалық мүмкіндіктер бізге айтарлықтай бәсекелестік артықшылық береді.

Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Айта кетейік, Шэньчжэнь қаласы — Қытайдың сыртқы экономикалық реформаларды алғаш жүзеге асырған аймағы әрі инвестициялық орталық. Ол — елдің ең ірі өндірістік қана емес, жаһандық деңгейде ықпал ететін технологиялық инновациялар орталығы. Шэньчжэнь Сауда басқармасы — аталған өңірдегі сауда және инвестиция саласына жауапты мемлекеттік орган.