Қазақстандағы инфляция: қай өңірлерде баға өсімі жеделдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Мамыр айында елде жылдық инфляция жеделдеп, 11,3% болды (сәуірде — 10,7%). Жылдық инфляция 16 өңірде жеделдеді, 3 өңірде баяулап, 1 өңірде бұрынғы деңгейде сақталды. Бұл туралы Ұлттық банк мәлім етті.
Жылдық инфляцияның 13,0%-дық ең жоғары мәні Алматы қаласында тіркелді.
— Мамырда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 9,6%-ға дейін жеделдеді (сәуірде — 8,5%). Осы топқа жататын тауарлар бағасы Ақмола облысында (11,4%) ең жоғары, ал Алматы қаласында (8,0%) төмен өсім көрсетті, — делінген хабарламада.
Мамырда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі жылдық мәнде 9,0%-ға жетті (сәуірде — 8,9%). Ең жоғары мән Түркістан облысында (14,2%), ең төменгі мән Павлодар облысында (5,4%) тіркелді.
Мамырда ақылы қызметтердің бағасы жылдық мәнде 16,0%-ға дейін өсті (сәуірде — 15,7%). Сонымен қатар Алматы қаласында (22,5%) баға жалпы республикалық деңгейден жоғары, Алматы облысында (11,3%) айтарлықтай төмен өсім тіркелді.
Мамырда айлық инфляция елде 0,9%-ға өсті.
Айта кетейік, бұған дейін Тимур Сүлейменов үш жылдық инфляция болжамын жариялаған болатын.