ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің деректері бойынша, 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанға 3 миллион турист келген. Ал осы кезеңде шетелге 2,47 миллион қазақстандық шыққан.
1 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі қонақүй, демалыс базасы мен басқа да орналастыру орындарының саны 4 505-ке жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 192 нысанға көп.
— Бірінші тоқсанда орналастыру орындары 2 миллион қонаққа қызмет көрсетті. Оның ішінде 802 мыңнан астам адам Қазақстанның курорттық аймақтарында демалған. Қаңтар-наурыз айларында қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындарының көрсеткен қызмет көлемі 69,4 млрд теңгені құрап, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13,9 пайызға өсті, — делінген бюро таратқан ақпаратта.
Елімізде қазіргі уақытта 23 бес жұлдызды қонақүй жұмыс істейді. Олар бірінші тоқсанда 158 мың қонақты қабылдаған. Сондай-ақ 45 төрт жұлдызды қонақүйде 113,5 мың адам, ал 26 үш жұлдызды қонақүйде 58,9 мың адам орналасты.
Бұдан бұрын елде жаңа халықаралық қонақүй жобалары іске асырылуы мүмкін екенін жазғанбыз.