Қазақстандағы Конституциялық реформа қытайлық әлеуметтік желіде қалай талқыланып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы Конституциялық реформа жыл басынан бері басты жаңалықтардың бірі ретінде әлем жұртшылығының назарын өзіне аудара бастады. Іргеміздегі Қытайда еліміздегі соңғы саяси үдерістерді блогерлер мен қарапайым интернет қолданушылары талқылап жатыр.
оңғы кезде қытайлық блогерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде бағаланған жаңа Конституция жобасы туралы жаңалықтарды үстінен іліп әкетіп, қалың көпшілікпен едел-жедел бөлісіп жатыр.
Көбінесе Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің қытай тіліндегі жаңалықтарына сілтеме жасалған бұл жазбалар мен сараптамалар бірден қалың көпшіліктің назарына ілініп, қызу пікірталасқа мұрындық болып жатқаны байқалады.
Қытайлық блогерлердің біздегі Конституциялық реформаға әр қырынан, жан-жақты талдау жасауға тырысқаны байқалады. Оның себебі түсінікті де, Қазақстан — Қытайдың жақын және маңызды көршісі. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы алғаш Астанада айтылды және Қазақстан аталған бастамаға алғашқылардың бірі болып қосылған. Сондай-ақ, Қазақстан — Қытайдың Орталық Азиядағы ең басты сауда-экономикалық серіктесі.
Бұл ретте тәуелсіздік алған отыз бес жылға таяу уақыт бедеріндегі мемлекеттік құрылыстың қалыптасу және нығаю үдерістері, Қазақстан Республикасы бастан өткерген саяси, әлеуметтік, экономикалық және Конституциялық реформалар, суперпрезиденттік жүйенің тарихи-кезеңдік қажеттілігі мен салдарлары, еліміз ұстанған көпвекторлы дипломатиялық саясат, 2022 жылдан кейін елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде қарқын алған оң өзгерістер көбірек тілге тиек болғаны аңғарылады.
Сондай-ақ «күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы айрықша қызығушылық тудырып, елдегі саяси үдерістердің мәні мен болашақ ықтимал бағыты жайлы әжептәуір толғаныстар жасалған.
Мысалы, 300 мыңнан астам оқырманы бар Юйинь Кэлэмао елдің тәуелсіздік кезеңіндегі тарихына шолу жасай келе, Қазақстанда суперпрезиденттік жүйеге нүкте қойылғанына, жаңа Конституция бойынша Президент, парламент және үкімет бірін-бірі жіті қадағалап, өзара үйлесімді әрекет ететін жаңа жүйенің жобасы жасалғанына назар аударыпты.
Блогер вице-президент институтының Қазақстан үшін маңызы, билік трансформациясына байланысты жаңа ережелердің енгізілуі, қос палаталы парламенттен бір палаталы құрылтайға ауысудың ұлттық-тарихи дәстүр мен заманауи саяси мәдениетті үйлестіру бойынша айрықша мәні, халық кеңесінің ел мен халық арасын жалғайтын консультациялық орган ретіндегі мәртебесі мен қызметі туралы пірін білдірді.
«Кезекті реформаның сүйіндіретін басты ерекшелігі — бұл жолы Қазақстан шеттен ешкімді көмекке шақырған жоқ, бөтеннің қабағына қараған жоқ, өзіне лайық жүйені келелі кеңеспен өз бетінше бекітті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы арқылы күллі әлемге Қазақстандық жолдың қандай болатынын анық көрсетті. Айғай-шусыз, ымырамен, жалпы халықтың мәмілесімен іске асып жатқан өзгерістер Орта Азия елдері үшін де үлгі болатыны даусыз», деп түйіндеген екен.
Әрине, бізді Қытайдағы қарапайым жұртшылықтың еліміздегі саяси реформа туралы қалай ойлайтыны да қызықтырды. Шолып қарағанымызда, қытайлық желі қолданушыларын елдегі саяси тұрақтылық жалғаса ала ма, Конституциялық реформа мемлекеттік басқарудың тиімділігіне қалай әсер етуі мүмкін, аймақтағы күштер құрылымына әсері қандай, Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасына ықпал ете ме деген сұрақтар көбірек қызықтырғанын байқадық.
Жазылып жатқан пікірлердің басым көпшілігі — реформаға сәттілік тілеген ізгі тілектер мен үмітке толы жазбалар. «Қазақстан өркениет жолында», «Билік халыққа қайтарылып жатыр», «Қазақ халқы қандай бақытты», «Қазақстанда құқық үстемдігіне бағдарланған жаңа жүйе құрылып жатқаны қуантады», «Заманмен бірге ілгері жылжып, бұрынғының негізінде ескіні жаңартқан, елдікті нығайтқан, Қазақстан тек алға!», «Бұл замана талабына бейімделген, жаңалыққа жақтас болған, демократиялы, еркін және өркениетті қоғамға қарай нық қадам басқан қайырлы реформа, қазақ халқына сәттілік!» деген пікірлерді оқығанда, жақын көршінің ілтипатына көңіліміз кәдімгідей марқайып қалды.
Түйіндеп келгенде, біздегі Конституциялық реформа туралы қытайлық әлеуметтік желіде көтерілген пікір-талас қытай қоғамының көрші елдердегі саяси үдерістерге бейжай қарамайтынын, Қытай азаматтарының мемлекеттік басқару моделіне байланысты өзгерістерге айрықша қызығушылық танытатынын көрсетті.
Жалпылай айтқанда, реформаны қолдаушылардың, оған тілеулес болғандардың үні басым.
Қазақстандағы Конституциялық реформа еліміздің саяси өміріндегі кезеңдік мәні бар айтулы оқиға ғана емес, сонымен бірге қазірдің өзінде қытай қоғамына Орталық Азиядағы саяси-әлеуметтік трансформацияны жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін феномендік құбылысқа айналып үлгерді.
Осыған дейін Қазақстанның жаңа Конституция жобасы әлемдік БАҚ-та тарихи шешім ретінде бағаланып отырғаны туралы жаздық.