Қазақстандағы конституциялық реформалар Орталық Азия үшін де маңызды — Өзбекстан сарапшылары

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформаларды талқылауға арналған конференция өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Іс-шараға өзбекстандық депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, белді сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Олар бесінші Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың маңызын талқылап, өңірлік интеграцияны нығайту мүмкіндіктерін қарастырды. Саясаттанушылардың атап өтуінше, Қазақстандағы ауқымды реформалар тек ішкі емес, сондай-ақ сыртқы саяси бағдардың келешек келбетін қалыптастыруға бағытталған.

— Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформаны өте маңызды қадам деп санаймыз. Бұл өзгерістер елдің әлеуметтік, экономикалық дамуына серпін беріп, қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпал етеді. Конституциялық реформаның нәтижесінде Қазақстан тұрақты дамуға бет алады. Тиісінше, біз бауырлас елде болып жатқан оң өзгерістерге қолдау білдіреміз, — деп пікір қосты Өзбекстан Заң шығару палатасының депутаты Дилором Файзиева.

Ал Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Акрамжон Неъматов Мемлекет басшысы ұсынған саяси институционалдық жаңғыру бастамасына тоқталды.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Менің пікірімше, бұл бастама ықшамды, ашық және есеп беретін мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған. Процестерді цифрландыру, нақты нәтижеге бағдарлау, мемлекеттік басқару сапасын арттыру елдегі жоспарланған реформаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Күшті әрі ықпалды институттарды қалыптастырмай, экономикалық ілгерілеу болмайтыны белгілі, — деді Акрамжон Неъматов.

Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстанның бір палаталы Парламент моделіне көшу жоспарына ерекше назар аударды. Олардың пікірінше, бұл — заң жобаларын сапалы саралап, оларды өз уақытында қабылдау механизмін жүйелейді.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Бұл үрдіс маңызды заңнамалық актілерді қабылдауды жеделдетуге ықпал етеді. Бүгінде нормативтік-құқықтық құжаттарды тез арада қарап, мақұлдау өзгеріп жатқан геосаяси жағдайдың ырғағына уақытылы ілесу дегенді білдіреді, — деп мәлімдеді белді саясаттанушы Равшан Назаров.

Осы орайда, жиында сөз алған өзбекстандық депутат Илхом Абдуллаев саяси өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырып, елдің еркін дамуына жол ашатынын айтты.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Қазақстан Президентінің «Заң мен Қоғам» моделі жаңа әділ қоғам құруға әсер етті. Біздің мемлекет басшымыз да осы қағидаттарды ұстанады. Менің ойымша, бұл бастама елдің еркін дамуына, экономикалық жоспарларды орындап, инвестиция тарту жолында таптырмас құрал, — деді Өзбекстан Заң шығару палатасының депутаты Илхом Абдуллаев.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сарапшылардың пайымынша, Қазақстандағы конституциялық реформалар Орталық Азия аймағы үшін де маңызға ие. Тиісінше, іс-шараға жиналғандар қазақ-өзбек қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға қажетті ұсыныстар әзірлеуге уағдаласты.